«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2022 жылы Шымкенттің 13 мың тұрғыны цифрлық сауаттылығын арттырған. Бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады. Биыл 14 700 тұрғын цифрлық сауат ашу курсына қатысады деп жоспарлануда.
Қазіргі таңда оқу курстары қалалық қызметтер мен сервистердің i-shymkent.kz порталында орналастырылған. Оқу мынадай бағыттардан тұрады:
- «Базалық дағдылар» (Дербес компьютермен, ноутбук, мобильді құрылғылар, интернетпен сенімді жұмыс істеу, «MS Office» нұсқаулығы, «Windows 10»-да тапсырмалар тақтасын пайдалану);
- «Е-коммерция» (веб-сайт түрлері және олардың артықшылығы, веб-сайтты сүйемелду (SEO), Instagram-ды мақсатты баптау негіздері, SMM);
- «Ашық үкімет» порталы (Ашық бюджеттер, ашық деректер, ашық диалог, ашық НҚА);
- «Ақпараттық қауіпсіздік негіздері» (киберқауіпсіздік, алаяқтық түрлері, дербес деректерді қорғау);
- «Электронды үкімет және электронды мемлекеттік қызметтер» вэб-порталдары (еgov.kz, Мобильді азаматтар базасында тіркелу жөніндегі нұсқаулық, электронды қызметтерді алу).
Мұндағы мақсат – тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру, цифрлық заманда электронды қызметтерді, үйден шықпай-ақ, өз бетінше алуға дағдылану және алаяқтықтан сақтану.
Бүгінде Үкімет қаулысымен бекітілген бірыңғай тізбеге сәйкес ашық үкімет порталының ашық деректер блогында 13 сала бойынша 62 дерек жиынтығы орналастырылды. Өзектілік үлесі 100 пайызды құрайды. Интернет-ресурста және ресми парақшаларда, қалалық цифрландыру басқармасының әлеуметтік желілерінде «Ашық үкімет» порталының 4 бағытын таныстыру мақсатында анонстар жарияланады.
Басқарма мамандары келіп түсетін сұрау-сауалдарға тұрақты мониторинг жүргізіліп, қосымша жинақтар орналастырады.