ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілдері кезекті кездесуін «ҚазТрансГаз» АҚ филиалының жұмысшыларымен өткізді.
Шымкент қалалық қоғамдық штаб мүшелері Бахадыр Нарымбетов, Икрам Хашимжанов, Есімхан Бертаев, Нұрғазы Бұқарбай, Дастан Баширов, Данабек Исабеков кандидаттың «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрбіріміз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасының басымдықтарына тоқталды. Барлық күш кәсіпкерлікті ынталандыру мен қорғауға, еңбек адамын қолдауға бағытталатынын атап өтті.
Жиында штаб мүшелері азаматтардың адал өнімді еңбегі құрметтелетінін, қорғалатыдығын және оған лайықты еңбекақы төленетіндігін айтты.
«Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауалды бағдарламасында айтылғандай, қызметкерлердің мансаптық болашағы мен табысы олардың кәсібилігіне, жауапкершілігі мен әбжілдігіне байланысты болады. Жұмысшы құқықтары мемлекеттің қатаң қадағалауымен және күшті кәсіподақтармен қамтамасыз етілетін бәсекеге қабілетті және қауіпсіз еңбек ортасы құрылады. 3,3 миллион қазақстандық жұмыспен қамтылады», -деді Бахадыр Нарымбетов.
Жұмысшылар Қасым- Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасына үлкен қызығушылық танытып, еліміздегі қордаланған мәселелерді шешу жөніндегі көзқарастарына қолдау білдірді.