Шымкент қаласының Асар-2 елді мекенін инфрақұрылыммен қамту жұмыстары былтыр аяқталып, 2700-ден астам абоненттің мәселесі шешілген болатын.
Алайда мыңға жуық үй жобадан тыс қалып, сапалы ауыз су, электр қуаты мен табиғи газға қосылмай қалған. Қазіргі таңда осы мәселенің түйіні тарқатылып, халықтың өтініші орындалуда.
Асар-2 елді мекеніндегі қалған аумақты сапалы ауыз сумен қамту бойынша құрылыс толық аяқталды. Биыл жасалған жұмыстар нәтижесінде 53 шақырым су құбыры жүргізілді.
Ескерер жайт, мердігер мекеме ауыз су құбырын тұрғындар үйінің есік алдына дейін жеткізіп береді. Ары қарайғы жұмыс, яғни үй ішіне кіргізіп, оны қосу әр үй иесінің жеке жауапкершілігіне жүктеледі.
Абоненттеу жұмыстары үшін қажетті құжаттарды «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК-ға өткізу керектігін хабарлаймыз!
Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы ұсынған мәлімет бойынша, қалада өткен жылы 14 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілген. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, барлығы 10 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталған. Нәтижесінде Тұран, Асар-2, Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Батыс, Жаңатұрлан және Ақтас-2, Жаңаталап, Сәуле (276 орам) және Нұртас елді мекенінде ауыз су мәселесі түбегейлі шешілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 95,6%-дан, 98%-ға өскен. Сонымен қатар, 3 магистралды суаққының құрылысы аяқталып пайдалануға берілді. Аталған басқармалардың дерегінше, қазіргі таңда қаладағы 81 елді-мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен толық қамтылған. Ал қалған Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ тұрғын алабына ауыз су кестемен беріледі. 2022 жылы 4 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 98%-дан, 99%-ға өседі деп күтілуде.