Үшінші мегаполиске ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев іс-сапармене келді. Ведомства басшысы «Тассай» индустриялық аймағына барып, халыққа арналған дайын өнімдер шығаратын кәсіпорындардың құрылыс барысымен танысты. Сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлермен кездесу өткізіп олардың арыз-шағымы мен талап-тілектерін тыңдады. Министр өз кезегінде халықтың әл ауқатын арттыру мақсатында отандық тауар өндірушілерге мемлекет тарапынан қолдау қашанда бар екенін жеткізді.
Ведомство басшысы алдымен «Эко-Фарм» серіктестігінің жұмысымен танысты. Зауыт медициналық жабдықтар мен қорғаныш құралдарын шығарумен айналысады. Онда арнайы киімдер, бетперде және обаға қарсы жиынтықтар шығарылады.
Кәсіпорын «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде «Даму» қоры арқылы субсидия алған. Одан кейін Қайырбек Өскенбаев дәрі-дәрмек және гигиеналық құралдар шығаратын «Dentafill Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зауытының құрылысы барысымен танысты. Жобаны жүзеге асыру үшін индустриялық аймақтан арнайы жер бөлініп, «Бизнестің жол картасы — 2020» аясында қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ ведомства басшысы мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен кеңсе жиһаздарын шығаратын еліміздегі ең ірі «Mega Smart B2B» серіктестігінің жұмысымен танысты. Фабрика жұмысшылары жаңа технологияның көмегімен жұмысы жеңілдегенін айтты.
«Тассай» индустриялық аймағын аралау барысында министр жергілікті кәсіпкерлермен және жұмысшы топпен кездесті. Өз кезегінде бизнес өкілдері экспорттау кезінде салықтың кері қайтарылуы үлкен мәселеге айналғанын айтты. Себебі экспортты көлемін арттыру үшін тауар өнімдері 90 пайызға жету керек.
Жалпы Шымкенттегі Индустриалдық аймақтағы өндіріс ошақтары мемлекеттік қолдау аясында іске қосылған. Ведомства басшысы орта және шағын бизнесті қолдау мақсатында мемлекет тарапынан қаржылай көмек бар екенін айтты. Биыл 158 жоба жүзеге асыру көзделсе оның 58-і іске қосылған.
Бүгінде «Тассай» индустриялық аймағы 100 пайызға қамтылған. Қазіргі күнге дейін жалпы сомасы 35 млрд теңгені құрайтын 22 жоба іске асырылып, 1 625 жаңа жұмыс орны құрылды. 2022 жылы 935 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін тағы 9 жобаны іске қосу көзделіп отыр.