Егемен еліміздің салт-дәстүрлерін дәріптеу, ұлттық және патриоттық сананы қалыптастыру мақсатында «Тарихи күндер тізбегімен» атты февтивалінің қорытынды кезеңі өтті. Аталған іс-шара⠀25 қазан – Республика күніне орай болды. Салтанатты кеште Шымкент қаласының жоғары оқу орындарының жастары өнерлерін көрсетіп, дарындылығымен көзге түскен қатысушылар бас жүлдені иеленді.
– Жастар арасында «Тарихи күндер тізбегімен» атты фестиваль 3 күн бойы жалғасты. Алғашқы күні ер жігіттеріміз ұлттық ойындар бойынша сайысқа түскен болса, екінші күні ару қыздарымыз ұлттық тағамдарын әзірлеген болатын. Бүгін⠀дәстүрлі өнер бойынша бақтарын сынайтын болады,- деді Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығының басшысы Бекзат Төлебай. ⠀
Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға 14-29 жасқа дейінгі жастар қатысты. Оларға ұлттық нақыштағы киім үлгісінде болу міндеттелген. Ал фестивалдің әділ өтуін бақылап отыру үшін арнайы төрешелер шақыртылған. Олар — әнші, «Х фактор» өнер сайысының жеңімпазы Астана Қарғабай мен жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Заманбек Орынбеков. ⠀
Фестивальдің қорытынды нәтижесінде жан-жақты белсенділік танытып 1-ші орынға ие болған — Орталық Азия Инновациялық университеті Жастар ресурстық орталығының арнайы дипломымен марапатталды. Және ноутбук сыйлығына ие болды.Екінші орын Ж. Ташенов атындағы университетіне, үшінші орын Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетіне бұйырды.
Осылайша республика күні қарсаңында іске асқан дәстүрді дәріптейтін жоба өз мәресіне жетті. Ұйымдастырушылар игі шараны алдағы уақытта жалғастыруды жоспарлап отыр.