Шымкентте Президент жолдауын насихаттау шарасы жалғасын табуда. Бұл жола шаһардағы кәсіподақтар орталығы ғимаратында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын түсіндіру және насихаттау мақсатында кездесу өтті.
Жиынға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, салалық кәсіподақтардың төрағалары, «Оңтүстік Қазақстан Профсервис» ЖШС-ң қызметкерлері мен кәсіподақ активі қатысты.
Кездесу барысында Бауыржан Ілімшеұлы Жолдауда айтылған маңызды тұстарға тоқталып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіподақ мүшелерінің пікіріне құлақ асып, бірнеше мәселелердің шешілуіне септігін тигізіп келе жатқандығы жайлы айтты.
– Мемлекет басшысы ел дамуының жаңа кезеңіне аяқ басқан шағында халыққа өз Жолдауын жасады. Аталған Жолдауда елімізің әрі қарай дамуы үшін бірқатар маңызды бағыттар айқындалып, нақты тапсырмалар берілді. Халық үніне құлақ асатын мемлекет екендігін тағы да дәлелдеп, ҚРКФ тарапынан көтерген мәселелерге қолдау көрсетіп, әлеуметтік-маңызды салаларға да тың серпін беретін жобаларды ұсынды. Бес бағдардан тұратын стратегиялық құжат еліміздің аймақтарында қордаланған көкейкесті мәселелерді таяу уақытта шешіп, республика жұртшылығына қолайлы жағдай жасауды мақсат етіп отыр. Еліміздегі салық жүйесін жетілдірумен қатар Ұлттық қордың игілігін көру, макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізіп, адами капиталдың дамуына, заң үстемдігін орнатудың маңызына назар аударып отыр,— деді АКБ төрағасы.
Сондай-ақ, Бауыржан Ілімшеұлы алдағы ҚР Президентінің кезектен тыс өтетін сайлау жұмыстары кәсіподақтар үшін де маңызы зор екенін атап өтті. Бұған дейін жарияланғандай, Астана қаласында өткен Қазақстан кәсіподақтары күні мерекесіне орай «Бірлік. Әділеттілік. Даму» атты ҚР Кәсіподақтар федерациясының Ынтымақтастық форумында Кәсіподақтар федерациясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтындығы айтылған болатын. Осы орайда, Кәсіподақтар федерациясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтындығын алға тартты.
Жиын қатысушыларына ел болашағы үшін маңызды сайлауға әр адам өз азаматтық позициясын білдіре отырып біркісідей қатысып, белсенділік танытуға шақырды.
Кездесу соңында жиналғандар Жолдаудағы тапсырмалар мен міндеттерді бүкіл қоғам болып жұмылып орындауымыз қажет деп тарқасты.