Шымкентке іс-сапармен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, олардың мәселелерімен танысты. «Антикор орталығында» өткен жиынды Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев жүргізіп отырды.
Басқосуда Агенттіктің бизнесті қорғауға арналған жүйелі жұмыстары мен қаладағы проблемалық мәселелері талқыланды.
Бүгінде Агенттік тарапынан бизнесті қорғауға үш бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Біріншіден, бұл бизнестің парасаттылығына жәрдем көрсету жөніндегі тұжырымдамалық шаралар болса, екіншіден, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудан қорғау тетіктерін енгізу. Ал, үшіншісі кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып жедел ден қою.
-Сыбайластыққа қарсы саясат тұжырымдамасында кәсіпкерлікті қолдау үшін нақты жоспар бекітілген. Заң бойынша жұмыс істейтін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізуді қолдайтын компаниялар үшін мемлекеттік қолдауға түрлі жобалар бар. Мұндай жеңілдіктер мен преференциялар мемлекеттік сатып алу саласына көп жеңілдіктер сыйлайды. Сондықтан әрбір кәсіпкер бюджет ақшасымен жұмыс істеу кезінде өз бизнесінің ашықтығын қамтамасыз ету тиіс, -деді Саян Қылышұлы.
Сондай-ақ, жиында бизнесті қорғау шаралары да сөз болды. Жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі талдау және әкімдік өкілдерінің бизнеске әсер ету мүмкіндіктерін азайту бойынша да жүйелі жұмыстар қолға алынған.
–Кәсіпкерлік мүдделеріне қатысты кез келген тергеу әрекеттерін қосымша келісуді көздейтін алгоритм дайындалды. Негізсіз тексерулерге жол бермеу үшін мемлекеттік қызметкерлердің іс-әркеттеріне бақылау қатаңдайды, — деп түсіндірді Превенция басшысы.
Бұдан бөлек жиында медицина саласында кәсібін дөңгелетіп жүргендер де мәселе көтерді. Олар дәрі -дәрмектің электрондық рецепт құжатын енгізуді сұрауда. Шаһарға іс сапармен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы барлық ұсынысты тиісті органға жеткізетінін айтты. Сөзіне сенсек, енді “Адал кәсіп” иелеріне мемлекет тарапынан қолдау шарасы артады.
Жиын соңында сала жуаптылары кәсіпкерлік субъектілерін қорғау жөніндегі жұмысты одан әрі жетілдіру бойынша білдірілген ұсынысты назарға алғанын жеткізді. Ал мәселесін арқалап келген әрбір бизнесменнің сауалы жауапсыз қалмайды. Мамандар алдағы уақытта “Адал бизнес” иелерін қолдау шарасы артанын да тілге тиек етті.