Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев осы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар бойынша берген баспасөз брифингінде мәлімдеді.
– Әл-Фараби ауданы қаламыздың орталық ауданы болғандықтан табиғи газ 99% және электр қуатымен қамту көрсеткіші 100% құрап отыр», — деді аудан әкімі.
Ауданда ауыз су жүйесімен қамту көрсеткіші жүйеде 99,8%, электр жарығы 100%, кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 87 %.
Спикердің сөзінше, ауданда ұзындығы 299,1 шақырымды құрайтын 404 даңғыл, көше мен өткел бар. Жолдардың 279,5 шақырымы (88%) асфальт, 19,6 шақырымы (12%) тас жолды құрайды.
Ағымдағы жылы 30 көшеге асфальт салу жұмыстары жоспарланған. Сондай-ақ аудан аумағындағы 404 көшенің қазіргі таңға дейін 124 көшесі жарықтандырылған.
Аудан аумағында орналасқан 672 көпқабатты тұрғын үйлер 400 аулаға біріктірілген. 2014-2020 жылдар аралығында 291 көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында абаттандыру және балалар ойын алаңшасын орнату жұмыстары жүргізілген.
Сонымен қатар биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 50 балалар ойын алаңшаларын орнату жоспарланған. Қазіргі таңға дейін 28 балалар ойын алаңшалары орнатылған. Сонымен бірге аталған жоба аясында 9 спорт алаңшасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал 2023 жылы 7 спорт алаңшасы орнатылып, аудан аумағын 100% қамту жоспарда бар.
Әл-Фараби ауданы әкімі аппараты тарапынан су басу қауіпі бар аумақтарға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде бірінші кезекте (маңызды) ирригациялық жүйелерді орнатуды қажет ететін көшелер тізімі анықталды.
Бүгінгі таңда 19 жоба бойынша 24 көшеге жалпы ұзындығы 11,7 км ирригациялық жүйелер орнату жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар қараша айында аяқталады деп жоспарлануда.