Ұстаздардың жұмысы қарқынды әрі қиын болғандықтан, оларға серпіліс керек. Осыны мақсатта Мардан Сапарбаев атындағы Парасат колледжінің ұйымдастыруымен оқытушылар арасында футболдан жарыс өтті. 25 қазан — Республика күніне орай ұйымдастырылған бұл додаға Шымкент қалалық техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің оқытушылары қатысты. Парасат колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ердос Төребайұлы алдағы уақытта осы бағытта түрлі спартакиалар жүйелі түрде өтіп тұратынын айтады. ⠀
— Бүгінгі іс-шараның мақсаты — білім қызметкерлерінің спортқа деген бейімін шыңдап, өзара тәжірибе алмасып, футболды дамыту. Ойыншылар тамаша атмосферада ойын көрсететін болады. Кіші футбол ережесіне сәйкес турнирге он алты команда қызу дайындықпен келіп отыр. Олар екі кіші топқа бөлініп, регламентке сәйкес дөңгелек жүйе бойынша шағын ойын көрсетеді. Жеңген команда жартылай финалға шығады — деді Ердос Төребайұлы.⠀
«Мен өз елімнің азаматымын» атты кіші футбол ойыны салтанатты түрде ашылып, Әнұранмен басталды. Мың бұралған бишілер мен әншілер де өнер көрсетті. ⠀
Еңбекші ауданы әкімшілігінің қолдауымен өткен жарыста Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Жайлауұлы қатысушыларға сәттілік тіледі. ⠀
— Мұғалімдер білім берумен қатар, спортпен айналысқанын құптаймын. Спорттың адам өмірінде алатын орны ерекше. Бүгін жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтайтын боламыз, — деді Досалы Жайлауұлы. ⠀
Салауатты өмір салтын ұстанған мұғалімдер жастар үшін үлгі. Жеңіске жеткен командалар спорттық кубок және алғыс хатпен марапатталды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне аса назар аударды. Осы орайда, Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің бастамысымен, жалпы орта білім беру мекемелері арасында «Шымкент жастар лигасы» басталған болатын.