10 қазан – Қазақстан Республикасының ерекшелігі бар азаматтар күніне орай «Бомонд» мейрамханасында «Бақытты балалық шақ» атты іс-шара өтті.
Мәдени шара барысында Шымкент қалалық Мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов, қала депутаты Ноян Төлегенов, ерекше балалардың ата-аналар одағының директоры Рауана Сағдиева сөз сөйледі.
«Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымының өнерпаздары балалардың көңіл-күйін көтеру мақсатында түрлі әндерін шырқап, би биледі. Сонымен қатар, «Қуыршақ» театры қойылым көрсетіп, «Сабынды көпіршік» атты ойын ойнатылды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Шымкент қаласында 38 775 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оларға қолайлы жағдай жасау, жайлы орта құру, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға көмек көрсету үшін мемлекет тарапынан түрлі шаралар қолға алынып келеді. Мәселен, жыл басынан «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы 7805 мүгедектігі бар азаматтарға ақпараттық–консультациялық, әлеуметтік, құқықтық, психологиялық көмек көрсеткен.
Бүгінде мүгедектік тобы бар ересектер мен балалар үшін тегін санаторлы-курорттық ем алу қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар бұл үшін өтінішті екі тәсілмен бере алады. Бірі онлайн екіншісі ХҚО бару арқылы іске асады.
Қызметті ХҚО арқылы рәсімдеу үшін өтініш берушінің өзімен бірге жеке куәлігі, мүгедектігін растайтын құжаттар, жеке оңалту бағдарламасы әзірленген іс-шаралар туралы жазба көшірмесі, егер заңды өкілі жүгінген болса, мүгедектігі бар азаматтан сенімхат тапсырылуы қажет.
Қызмет көрсету уақыты құжат тапсырған күнді есепке алмағанда – 10 жұмыс күні. Мүгедек азаматқа санаторлық-курорттық емдеу медициналық ұйымның шешімімен тағайындалады. Жыл басынан бері Шымкенттегі халыққа қызмет көрсету орталықтары санаторлық-курорттық емделуге жолдама алуға 6000-нан астам өтініш қабылдаған.
Еліміздегі өскелең ұрпақтың тәрбиесі — баршамыздың жалпыұлттық міндетіміз. Бейбіт аспан астында балалар бақытты болсын!