Шымкент қаласындағы жеңіл атлетика кешеніне каратэден ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Чемпионат басталар алдында Токио олимпиадасында жүлделі болған Дархан Асадилов пен Софья Берльцеваға, және жуырда Баку қаласында өткен премьер лига ойындарында WKF каратэден 60 кг салмақ дәрежесінде қола жүлдегері атанған Қайсар Алпысбайға Шымқала жанкүйерлері атынан сәйгүлік ат мінгізілді. Жарыстың ашылу рәсімінен соң қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев мегаполис қаладағы каратэ спортын әлемдік дәрежеге көтерілуіне атсалысып, олимпиада ойындарында қос бірдей қола медалға қол жеткізген бапкерлер еңбегін атап өтті. Олардың қатарында білікті бапкерлер Мұзафархан Темірханов, Намазбай Әбдіқұлов, Нұрмахан Мелдеханов, Боран Төлеев, Данияр Исабеков және Шаттық Қажымұханға құрмет жасалып шапан жабылды.
Ел чемпионатына Астана,Алматы,Шымкент қалаларымен қатар он облыстың командасы бар. Жетісу облысының спортшылары қай жарыста болса өздерінің мықтылығын танытуда. 150 саңлақ спортшы ел чемпионатының алтынын жеңіп алу үшін күш салады. Еліміздің чемпионатын жеңіп алмай,шет елде болатын жарыстарға қатыса алмайсың. Сондықтан бар мықты татамиге шақырылады. Алаң иелері бірінші команда қатарында. Боран Төлеев баптайтын Түркістан облысы спортшылары қиын қарсыластар қатарында. Кімнің мықты екендігін кілемдегі жекпе-жек айқындап береді. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз!
Айта кетейік, Шымкент қаласы салауатты өмірге бет түзеген шаһар. Жыл басынан бері қала спортшылары әлемдік сайыстарда олжа салып, шаһарда көптеген бұқаралық іс-шаралар және ҚР чемпионаттары, халықаралық турнирлер ұйымдастырылды. Қаланың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, спорт саласында негізгі 4 бағыт белгіленген. Дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын 2022 жылы 35,9 пайызға (396 336 адам) жеткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 36,2 пайызға (402 544 адам) орындалды.Халықтың 1000 адамға арналған спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін биыл 51 пайызға (39 243 шаршы метр) жеткізу межеленген. Бүгінде жоспар 51,2 пайызға (39 513 шаршы метр) орындалды. Сонымен қатар, дене шынықтырумен және спортпен айналысуға қарсы көрсетілімдері жоқ мүмкіндігі шектеулі азаматтарды (1861 адам), жастарды спортпен қамту (14-18 жас) нақты 45 940 адамды құрап, жоспар артығымен орындалды.