Шымкент қаласындағы «Тәуелсіздік» саябағында қала жастары «Мен елімді сүйемін» акциясын өткізді.
Республикалық челлендж аясындағы акцияға ЖОО студенттері, белсенді жастар қатысты. Акция Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру, саяси шешімдерін қолдау, жастар арасында насихаттауды мақсат еткен. Жиналған жастар еліміздің жалаушаларын қала тұрғындарына, қонақтарына таратып, викториналық сұрақтар қойды.
— Еліміздің жастары өздерін ұлтжандымын деп ұғынып, өн бойларында ұлттық намысын жоғары қою керек. Қазақ жастары тәуелсіз елдің айқын мақсаттарымен жігерленіп, тек қана алға ұмтылуы тиіс. Қазақстанның жарқын болашағы – біздің, қазақ жастарының қолында!, — деді орталық басшысы Мағжан Исахов.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтылған жастарға жағдай жасау, олардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыспен қамтылуы, төмен пайызбен несие алуы сияқты міндет-ұсыныстар алдағы уақытта жүзеге асатын болса, қоғамның жастар бөлігі бірқатар жеңілдікке ие болар еді. Мемлекет басшысы Жолдауда жатақхана мәселесі мемлекет мойнындағы жауапкершілік ретінде қала беретінін айтты. Осы орайда жеке меншік жоғары оқу орындарындағы жатақхана мәселесіне мемлекет тарапынан қолдау жасалатындығы да орынды.
Бүгінде жастардың алдында үлкен міндеттер тұр. Олар өз білімін ары қарай ел келешегінің дамуына арнап, экономиканың қай саласында болмасын еңбек етуді қалайды. Президенттің балаларға 18 жасқа толғанға дейін арнайы шот ашып, оның алдағы уақытта сапалы білім алуына мүмкіндік жасауы туралы ұсынысы болашаққа жасалған капитал, бұл көптеген қолдауға мұқтаж отбасылар үшін үлкен жеңілдік. Президент Жолдауында бес бағдар бойынша көтерген мәселенің барлығы да жұртшылықтың көкейінде шешімін таппай жүрген көптеген түйткілді жайттарды іске асыруға мүмкіндік береді. Акция аясында жастар Жолдауды қолдайтынын білдірді.
Қалалық Жастар ресурстық орталығы Жолдауды жүзеге асыруда ЖОО студенттеріне арнайы кездесулер ұйымдастыруда. Қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, ғылым, білім саласында жетістікке жеткен азаматтар өз тәжірибелерімен бөлісуде.