Шымкент — республикалық маңызға ие үшінші қала. Бүгінде миллионнан астам тұрғыны бар қалаға жаңадан қосылған және шалғай орналасқан аумақтардағы тұрғындарға ерекше назар аударылып отыр. Тамыз айының 1-не басталған ілкімді жоба қазанның 16-на дейін жүзеге асырылмақ.
Жоба аясында көптеген жұмыс атқарылмақ. Мәселен, жаңадан қосылған және шалғай орналасқан аумақтардағы тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру мақсатында кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар, танымдық, спорттық сайыстар арқылы тұрғын алаптардағы халықты қала өміріне бейімдеу жұмыстары қолға алынып отыр.
Аталмыш аймақтың жастары мен қыз-келіншектері арасында спорттың 5 түрінен жарыстар өткізілді. Ал, мемлекеттік мекеме қызметкерлері өңірдің үлгі тұтар азаматтарымен кездесулер ұйымдастырып, олар өз кезегінде тұрғындардың көкейтесті мәселелерімен етена танысуға мүмкіндік алды.
Жобаны діттеген мақсатына жеткізу үшін тұрғындармен қатар, жергілікті полиция қызметкерлері, білікті психологтар, аудан әкімшіліктері мен қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма мамандары атсалысып келеді. Яғни, түрлі іс-шаралар арқылы қалаға жаңа қосылған және шалғай аймақтағы жас ұрпақты талапты да тапқыр, талғампаз да терең ойлы, төзімді дүниетанымды етіп тәрбиелеу көзделіп отыр.
Ұрпақ саулығы – ұлттың басты байлығы. Ал саламатты ұрпақ өсірудің бірден-бір тиімді жолы – бұқаралық спортты дамыту. Сондықтан шаһарда бұл мәселеге де тиіс орын берілген. Өткен жылғы мәліметке көз жүгіртсек, шаһарымызда бұқаралық спортты дамыту» бағыты бойынша Шымкентте 7 стрит-воркаут алаңшасы ашылды. Сондай-ақ бюджет есебінен – 101, демеушілер есебінен 14 спорт алаңшасын ашу бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Жалпы, Шымкентте қазір 37 спорт секциясы жұмыс істеп тұр. Биыл жеке инвесторлар есебінен 1 200 орындық 2 спорт кешені ашылды.