Шымкентте оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында ерекше байқау өтті. Жарыста мектеп аулаларын абаттандыру, жеке жылыжайдың болуы сынды бірқатар номинация бойынша үздіктер анықталды. Үшінші мегаполисте ерекше форматта өткен «Мектептің гүлденгені – Қаланың гүлденгені» атты мектепаралық байқауы аяқталды. Онда білім ұялары ауласын көгалдандыру, жеке жылыжайын құру, экологиялық таза өнімдерді пайдалану бойынша сынға түсіп, үздіктер анықталды.
Жарысқа мегаполистегі 34 мектеп қатысып, жеңімпаздарды «Үздік мектеп жанындағы экотропа», «Үздік ландшафтық дизайн», «Үздік экскурсовод», «Экотропа бойынша бейне экскурсия» номинациялары бойынша анықтады. Соның ішінде үздік экотропа бойынша жүзден жүйрік шыққан 9 сынып оқушысы Пернехан Алмабай 2 апта бойы тыңғылықты дайындалғанын айтады.
“Біздің 90 мектеп осы жарысқа қатысып, экотропа бойынша 1 орын иеленді. Біз ұзақ дайындалдық. Мектебіміздің ағаштары жайқалып, жылыжайы әдемі көрінгенін қадағаладық. Экотропа бойынша 1 аптадан аса дайындалдық , оған 2 оқушы қатыстық. Экотропа бойынша мәселелерді тауып, мақсатымыз соның алдын алу болды”,- дейді №90 мектеп-гимназиясының оқушысы Пернехан Алмабай.
Қазылар алқасы 2 күн бойы үміркерлерді аралап байқау шарттарына сай келетін мектепті саралады. Байқауға қатысушы оқушылардың еңбегіне табиғат жанашырлары, Сайрам-Өгем ұлттық паркі мен Дендросаябақ қызметкерлері баға берді.
Ұйымдастырушылар байқау мақсаты – жастарды экологиялық сауаттылыққа, айналаны таза ұстауға баулу деп отыр. Сайыста №24 мектеп оқушылары жеңіске жетті.
Жеңімпаздар құрметіне орай балалар өнер мектебінің шәкірттері ән мен биден шашу шашты. Айта кетейік бірінші рет ұйымдастырылған байқау келесі жылы да өз жалғасын таппақ.