Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Мөлдір Кеуенова Еңбекші ауданының жастарымен кездесті. Кездесудің мақсаты — қаламыздағы жастардың түрлі бағыттағы мәселелері мен ұсыныс пікірлерін тыңдау.
Еңбекші аудандық жастар ресурстық орталығының ғимаратында өткен кездесуде жастармен бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, жастардың жеткен жетістіктері мен шешуді қажет ететін мәселелері және орта арнаулы оқу орнындағы бітіруші мамандық иелеріне мемлекеттік бағдарламалар, жеке кәсіпкерлік, жастарды жұмыспен қамту, тұрғын үй және білім саласы төңірегінде мәліметтер айтылып, пікір алмасты.
Кездесу барысында басқарма басшысының орынбасары Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауындағы басым бағыттарды, жастарға жүктелген міндеттер туралы әңгімелеп берді. Жолдау – жастардың бойында азаматтық позицияны арттырып, патриоттық сезімді оятты. Оларды қоғамға бейімдеп, келешекте отанына, қоғамдағы әлеуметтік жағдайларға бей-жай қарамай оған үлес қосуға шақырды. Кездесу барысында Мөлдір Тұрсынбекқызы өз тәжірибесімен бөлісіп, жастардың сұрақтарына жауап беріп, сәттілік тіледі
Сонымен қатар, Шымкент қаласындағы Жұмабек Тәшенов университетінде «Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов студенттермен кездесуінде Жолдауды жүзеге асыру төңірегінде пікірлесті. Қазақстанның әділетті мемлекет болуының негізін құраушы буын – жастар. Сондықтан болар Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында жастарды қолдайтын бастамаларға көбірек мән берді. Жолдауының үшінші бағытында жас ұрпақтың денсаулығын нығайту, сапалы білім алуы мен жұмыспен қамту және жас кәсіпкерлерді қолдау жөнінде айтылған. Кездесу барысында Мұратәлі Оразалыұлы Мемлекет басшысы жастарға көп үміт артып отырғанын, әділетті қоғам құруда жас буынның рөлі үлкен екенін жеткізді.