Бүгін «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау» жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Күн тәртібінде Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында аз қамтылған отбасыларды қолдау бойынша және тиісті дағдарыс орталықтарын ашу мәселесі талқыланды.
Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, алдағы уақытта жүзеге асырылатын саяси реформалар және еліміздің даму бағыттарын атап өтті. Дәл осы тұста Президент отбасы мәселесі, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты нақты қадамдарды ұсынды. Ол ең алдымен отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүргенін тілге тиек етті. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез жеткенін және зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе басқа тараптың қысымынан қорықпау қажет екенін өте дұрыс жеткізді. «Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады», — деді ҚР Президенті.
Жиында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Б.Нарбекова баяндама жасады. Оның мәліметінше, бүгінгі таңда үшінші шаһарда тұрмыстық зорлық көрген жандарға арналған орталықта 11 әйел балаларымен (80 адам) уақытша күнелтуде. Б.Полатқызының айтуынша, кейбір жағдайда әйел адамдар осындай орталыққа мақсатты түрде келеді екен. Яғни, ешқандай қысым көрмей орталық тарапынан өмір сүруге бейімделген адамдар да жоқ емес. Дағдарыс орталықтарының санын көбейтуден бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу шараларына күш жұмсау керек деп санаймын.