«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында «Жолдау: бағыты айқын бес бағдар» тақырыбында «TALQYLAU» диалогтік алаңының отырысы өтті. Мәжілісте алғаш сөз кезегін ОҚМПУ проректоры, доцент Баршагүл Қашқынқызына алды. Ол Жолдаудағы білім саласына қатысты мәселелерге орынды тоқталды. Ұлттық біріңғай тестілеудің көрсеткіші жоғарылағаны орта білім сапасының көрінісі екенін жеткізді. Жуырда ғана Германияның Дюссельдорф қаласында «Болашақ» бағдарламасымен 3 айлық курста болған педагог шетелдің білім саласындағы тәжірибесімен де бөлісті. Шымкент қаласының «Әйелдер кеңесі» Қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Айтбекқызы отбасындағы зорлық-зомбылықтың салдары мен оның алдын алу жұмыстары жөнінде тұщымды ойымен бөлісті. Отбасында ойран салатындарды қоғамдық жұмысқа тартып, көп болып тәрбиелеу керектігін де айтты. Президент отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып келе жатқанын жәй қозғаған жоқ.
«AMANAT» партиясы жанындағы Білім және денсаулық мәселелері жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес төрағасы Есенбек Салдарбекұлы диалог алаңында медицина саласында кезек күттірмейтін реформаларға кеңінен тоқталды. Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз ету жөнінде ел басшысы үкіметке сеніп тапсырды. «Әр адам өз денсаулығына аса жауапкершілікпен қарауды үйренуі тиіс. Ауруын асқындырмай дер кезінде дәрігерге барып, ем-домын алса екен. Дәрігерлер науқастарды уақыт өткізбей қабылдауы үшін қағазбастылықтан арылып, жүйені жетілдіре түссек» деген ойын ашық айтты.
Жиынға қатысқан Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Азат Қайнарұлы Жолдаудағы бес бағдардың өзектілігі мен өміршеңдігін сөз етті. Жолдау алдағы уақытта мемлекетіміздің қай салада кемшін тұстарын ілгерілету керектігін дөп басып айтқан айқын іс-шаралардың жиынтығы іспеттес. Жиынды қорытындылай келе мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған барлық бағыттағы өзекті мәселелерді оырндай отыра біз идеологияны ұмытпауымыз қажет дегім келеді. Себебі біздің қазақ халқының ұлттық құндылықтары, өткен тарихы, болмысы бөлек менталитетіміз бәрі-бәрі әрбір отандасымыздың рухын көтеруге қызмет етуі керек. Жаңа Қазақстанды құрудағы басты бағытымыз ұлттық рухымызды жаңғыртуға тиіспіз деп санаймын.