Жаңа демалыс орны қаладағы 11- ші шағынауданда салынып жатыр. Қазіргі таңда құрылысы аяқталуға жақын. Қала әкімі Мұрат Әйтенов Мемлекет басшысының тапсырмасына сай халыққа жайлы жағдай жасап, сапалы қызмет көрсету мақсатында нысанның жұмысын бақылап, тексеріп шықты. Бүгінге 1,600 га аумақты қамтитын саябақта амфитеатр, құрғақ субұрқақ және сыйымдылығы 140 м3 болатын жер асты су сорғысы орнатылды.
Сонымен қатар, ересектер мен балаларға арналған демалыс аймағы, шахмат, үстел теннисін ойнауға болатын ойын алаңы дәне велосипед қоятын орын бар. Әрі көше тренажерларының спорт және трансформаторлық қосалқы станциясы, арқан паркі қарастырылған. Және саябақта биодәретханалар болады деп жоспарлануда.
Айта кетейік, саябақтың құрылыс ауданы – 87,00 шаршы метр, қатты жабын ауданы – 2302,00 шаршы метр, ал көгалдандыру ауданы – 7488,00 шаршы метр. Жалпы бұл саябақтың құрылысы 2021 жылдың маусым айында басталған. Қазіргі таңда жұмыстың 93 пайызы аяқталып қалды. Жауаптылардың айтуынша,саябақ қараша айының соңына дейін ел игілігіне беріледі.
Бұдан өзге шаһардың басшысы әкімшілік-іскерлік орталықта салынып жатқан үйлердің де аралап, жұмыс барысын бақылады. Бұған дейін 9,10,11,12 тұрғын үйлердің құрылысы мерзімінде аяқталмағаны үшін әкімдік тарапынан жауапты мердігер мекемелерге ескерту беріліп, айыппұл салынған еді. Бүгінде олқылықтық орны толтырылып, жұмыстар аяқталуға жақын.
“Шымкентте 49 мыңға жуық азамат баспана кезегінде тұрғанын ескеретін болсақ, тұрғын үй құрылысын дамытуға бар күш жігерімізді салуымыз қажет»,-деді Мұрат Әйтенов.
Мұрат Әйтенов аталған аймақтың солтүстік беткейіндегі 21,5 га жерде бой тіктейтін жаңа көпқабатты үйлердің инженерлік жүйелерін тарту жұмыстарын да қадағалады. Мердігер мекеме өкілдеріне тапсырманың тиісті мерзімде бітуі қажет екенін ескертті.