Шымкент қалалық тіс емханасы 2021 жылдың 2 қарашасынан бастап жауапкершілі шектеулі серіктес болып құрылып, жұмысын жалғастыруда. Ақылы қызметтермен қоса бұрынғы медициналық қызметтің барлығы көрсетіліп, науқастар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша қабылданады. 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдердің тісін емдеу мен жұлуға қатысты қызмет тегін көрсетіледі.
Сонымен қоса, ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-106/2020 бұйрығына сәйкес, шұғыл стоматологиялық қызмет көрсетілетін санаттар бар. Балалар мен жүкті әйелдерге қоса ҰОС ардагерлері, І, ІІ және ІІІ топ мүгедектері, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер, инфекциялық, әлеуметтік мәні бар аурумен және айналасындағыларға қауіп төндіретін дертпен ауыратын науқастар, мүмкіндігі шектеулі балаға күтім жасаушы жұмыс істемейтін тұлғалар мен бала кезден І топ мүгедегіне күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдарға шұғыл қызмет тегін көрсетіледі. Яғни, диагнозына байланысты тістің ісіп, іріңдеп кетуі, ұлпаның қабыну секілді шұғыл жағдайда бір тісіне тегін қызмет көрсетіледі. Қалған қызметтер және сол санаттарға жатпайтын азаматтар үшін қызмет көрсету – ақылы. Мұны көп адам түсінбей жатады. Көп балалы аналар келеді, бірақ, алқалармен марапатталмаған. Сонымен қоса осы тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек алып, келесі тоқсанда, табысына байланысты АӘК алмайтын отбасылар да тегін қызмет ала алмайды. Бұл – біздің мекеменің ережесі емес, жоғарыда айтылғандай, денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бекітілген тәртіп. Осыған назар аударуларыңызды сұраймыз, – дейді «Шымкент қалалық стоматологиялық емхана» ЖШС бас дәрігері Гүлбахар Рузденова. Бас дәрігердің айтуынша, емханада қызмет көрсету аясында азаматтардың тұратын мекенжайына байланысты шектеу жоқ. Шымкент қаласы ғана емес, Түркістан облысы, бүкіл Қазақстан өңірінде қандай да бір емханаға тіркелген азаматтар келіп, медициналық көмек ала алады. Әсіресе, Шымкентте каникулда қыдырып келіп, тісі ауырған балалар да жиі көмекке жүгінеді. Ал әр айдың соңында сол пациенттер тіркелген медициналық ұйымға көрсетілген қызмет туралы есеп жіберіліп, қаржы сол мекемеден аударылады. Яғни, мемлекеттен тікелей қаржы алмай, сол мекемелер арқылы субмердігерлік қызмет көрсетуде.
Емхана заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тіс емдегенде қолданылатын барлық материал мен дәрілер жеткілікті. Мұнда таңғы сағат 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін, екі ауысымда қызмет көрсетіледі.
– Біздің медициналық мекеме Шымкент қаласы бойынша демалыссыз және мереке күндері жұмыс істейтін емханаға жатады. Кешкі 20:00-ден таңғы 08:00-ге дейін түнгі ауысымда 3 дәрігер, 2 медбике болады. Түнде де келетін адамдар жеткілікті, себебі, тіс ауруы түнде жиі қозатыны бар. Ондай кезде кейбір ата-аналар не істерін білмей, таңға дейін күтуге мәжбүр. Сондықтан, 24/7 тәртіпте жұмыс істейтініміз туралы барынша хабарлауға тырысамыз. Дүйсенбіден сенбіге дейін екі ауысымда істесек, жексенбі және мейрам күндері кезекші бригада болады. Ондағы жалпы дәрігер саны 7 адамнан асады. Соңғы жаңалығымыз – тұрғындарға қолайлы болуы үшін қаланың тағы екі жерінен бөліміміз ашылды. Біріншісі – Нұрсәт шағынауданы, Бәйдібек би көшесі, 91/1, ал екіншісі Асар шағынауданы, №22 үйде орналасқан. Ондағы жұмыс тәртібі – аптаның алты күн бойы таңғы сағат 09:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жұмыс, жексенбі – демалыс. Ол филиалдарда да орталық емханадағы қызметтің барлығы көрсетіледі. Соңғы жылдары қаламыз мегаполис атанып, тұрғындар саны артты, көрші облыстардан да адамдар келуде. Дегенмен, қызметкерлер саны жеткілікті, екі ауысымда, таңғы 8-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істегендіктен, барлығын қабылдауға үлгеріп жатырмыз, – дейді Гүлбахар Сапарқызы.
Денсаулық сақтау министрлігінің жоғарыда аталған бұйрығына сәйкес, тиісті санаттағы адамдарға тісті емдеу мен жұлу тегін, ал ортодонтиялық қызмет – ақылы, деп түсіндірді мамандар. Көпшілік «брекет» деп атап кеткен қызметті, тісті қаншалықты түзулеуді ортодонт-дәрігер қарап, қажет болса, ауыз қуысын рентгенге қарап, шешеді.
– Баланың жасына қараймыз. Егер жас болса, тіске пластинка салуға болады, ал жасы ұлғайып, ал тісі түзуленбей бара жатса, онда брекет жүйесі пайдаланылады. Негізі, брекетті 15 жастан бастап салған дұрыс. Себебі, 13 жаста тұрақты тістер толық шығып болса, 15 жаста түбірі толық жетіледі. Ал бұл – брекет үшін маңызды, – дейді қалалық стоматологиялық емхананың бөлім меңгерушісі Гүлжанат Сейдалиева.