1 қазан – Халықаралық қарттар күні қарсаңында лентасы қиылған «Белсенді ұзақ өмір» орталығының ашылу салтанатына қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты. Жаңадан өз жұмысын бастаған сауықтыру мекемесі Қаратау ауданының ардагерлеріне қызмет көрсетеді.
Қуанышты күнде шаһар басшысын 82 жастағы хор әншісі, ардагер Жақсыбай Оңалбекұлы «Көк тудың желбірегені» әнімен қарсы алды. Естіген жанның бойына патриоттық рух беретін әнді ардагер замандастарына көрсетіліп жатқан қамқорлыққа алғыс ретінде орындағанын айтады.
–«Қариясын қадірлеген ел ардақты» деген сөз бар. Сіздің тапсырмаңызбен бүгінде қаламызда осындай үш орталық жұмыс істейді. Өзім екі жылдан бері «Белсенді ұзақ өмір» орталығында сауығып келемін. Орталықта өзіміз қатарлы замандастарымызбен бірлесе денсаулығымызды тіктеп, спортпен шұғылданып жатырмыз. Замандастарым арасында мамандардан ағылшын мен араб тілдерін үйреніп жатқандар да бар. Осы сәтті пайдаланып, сізге көп рақмет айтамын, — деді ардагер әнші.
Қала басшысы мемлекет тарапынан ардагерлерге әрқашан қамқорлық көрсетілетінін, түрлі деңгейдегі көмектің көлемі де жыл сайын артып отырғанын жеткізді.
–Еліміздің барша азаматтарына қамқорлық көрсету Президент Қ.Тоқаевтың мемлекеттік саясатындағы басым бағыттардың бірі. 2019 жылы «Белсенді өмір орталығы» республикада алғаш болып Шымкент қаласында ашылған болатын. Бүгінде оның жұмыс жүргізу тәжірибесі өзге өңірлерге үлгі болып отыр. Сауықтыру орталығының бөлімшелері қаламыздағы төрт ауданның үшеуінде ашылған. Абай ауданының ардагерлеріне қызмет көрсететін тағы бір бөлімшені келер жылы ашуды жоспарлап отырмыз, — деді қала әкімі.
Орталықтың жаңа бөлімі Жібек жолы көшесі, 22/1 мекенжайында орналасқан. Сауықтыру бөлімшесінде 150 зейнеткерге екі ауысыммен күндіз 4 сағат қызмет көрсетіледі. Ардагерлер алдымен дәрігерлік тексеруден өтіп, емдік дене шынықтыру, бильярд, теннис, садақ ату, ART терапиясы мен тренажерлық қызмет түрлері бассейн, массаж, әсемдік жасару терапиясы, караоке зал (ән айту), хореография, йога, еңбек терапиясы, инемен емдеу терапиясын қабылдайды.
Бүгінде қалада 715 зейнеткер «Белсенді ұзақ өмір» орталықтарының қызметін алады. Орталықтың сауықтыру қызметін қолдану кезекпен жүзеге асырылады. Алдымен азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығына құжат тапсырып, кезекке тұрады. Өз кезегі келгенде 3 ай мерзімде әлеуметтік-сауықтыру қызметтерін тегін алу мүмкіндігіне ие болмақ. Сонымен қатар, орталықта жалғызілікті зейнеткерлерге арналған 3 мезгіл ыстық тамақ пен 8 сағаттық күндізгі стационар да жұмыс істейді.