Енді Шымкентте тауарды шетелге шығару мәселесі стандарттау жөніндегі ұлттық жоспар жобасының шеңберінде жүзеге асырылады. Президент тапсырмасының негізгі бағыты да осы болатын.Шымкенттік кәсіпкерлер енді тауарларын Өзбекстан мен Қырғызстанға экспорттау мүмкіндігіне ие болды. Аталған жобаны бизнес өкілдері Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасындағы кезекті отырыста талқылады. Жиынның басты мақсаты — қалалық кәсіпкерлерге өнімді экспорттау алгоритмін әзірлеу және құжатты бекіту мәселесін түсіндіру.
Мамандардың сөзінше, азық-түлік өнімдері үшін алдымен экспортқа рұқсат алу керек. Себебі ол ҚР ветеринариялық бақылауына жатады. Яғни, өтініш өндірістің орналасқан жері бойынша ауылшаруашылығы министрлігі ветеринариялық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық басқармасына жолданады. Сонымен қатар елімізден Өзбекстанға тамақ өнімдерін экспорттауға қажетті ветеринариялық сертификат алу қажет. Өтініш өндірістің орналасқан жері бойынша ветеринариялық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық басқармасына жіберіледі. Өзбекстан Республикасының өнім импортына рұқсат беруді ресімдеу үшін Өзбекстан Республикасының Бас мемлекеттік ветеринариялық дәрігеріне кемінде өнім импортын жүзеге асыру жоспарланып отырған уақыттан 30 күн бұрын өтініш беру қажет,- дейді сала жауаптылары.
Әр мемлекеттің талабы түрлі болғандықтан кәсіпкерлерге экспорттаудың стандарттарын түсіндіру – өте маңызды дейді мамандар. Ал тауарды экспортқа шығару – кез келген кәсіпкер үшін қолайлы. Себебі, жаңа жұмыс орны ашылады, қаражат айналымы молаяды. Сала жауаптылары стандарттаудың жаңа үлгілерін барлық бағыттағы кәсіп иелеріне түсіндіріп, тауарларын экспорттауға ұсыныс берілетінін атап өтті.
Стандарттау жөніндегі ұлттық жаспардың 2023 жылға арналған жобасы бүгінгі таңда еліміздегі әртүрлі өзекті салаларда, яғни экология, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және төтенше жағдайлардағы жеке қорғаныс құралдарына стандарттарды әзірлеуді көздейді. Ал жиын алдағы уақытта жалғасын тауып, мамандар тарапынан кәсіпкерлерге тауарын экспорттауды жүзеге асырғанша бағыт-бағдар беріледі.
Жергілікті кәсіпкерлер енді тауарын Өзбекстанға экспорттауға ниетті екенін де алға тартты. Сөздерінше, өнімді шетелге экспорттау – кәсіпкерлер үшін табысты арттыруға керемет мүмкіндік. Жаңа жоба өнімнің сапасын жақсартуға және көршілес елдермен бәсекелестікті арттыруға көмектеседі.