ҚР Президентінің Жолдауы аясында зорлық-зомбылықтың алдын алу жобасы іске асырылуда. Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» тақырыбында Шымкент көпсалалы колледжінің студенттерімен кездесу өтті.
Басқосуға Жастар ресурстық орталығының психологиялық көмек күйзелістің алдын алу және жас отбасылармен жұмыс бөлімінің басшысы Айгүл Қанатқызы және басқа да спикерлер қатысты.
Аталған іс-шараның мақсаты — отбасылық қарым-қатынас арасындағы құқық бұзушылықты төмендету, жасөспірімдер арасындағы болып жатқан күш көрсетуді тоқтату.
— Зорлық-зомбылықтан зардап шегетіндер 14-29 жас аралығындағы жастар. Оларға психологиялық көмек керек. Егер де, жаныңыздағы досыңыз сондай жағдайға тап болса, жылы сөздеріңізді аямаңыз. Оларға қолдау көрсетіп, құзырлы органдарға хабарласыңыздар,-деді Айгүл Қанатқызы.
Студенттерге зорлық-зомбылықтың түрлерін таныстырып, одан сақтану жолдарын айтып өтті. Оларды ортаға шығарып, психологоиялық ойын жүргізді.
Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларына кешенді көзқараспен келген жөн. Ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде, заңнамалық тетіктер қалыптастырылуда. Бірақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты негізгі мәселе тұлға факторына байланысты болғандықтан, басты назар тұлғаны тәрбиелеу мен қалыптастыруға аударылуы қажет,-дейді мамандар. Ұстаздар мерекесін ескере отыра, Шымкент көпсалалы колледжінің мұғалімі Айсұлу Тұяқбайқызын құттықтап, алғыс хат табыстады.
Айта өтсек, егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болсаңыз, немесе ондай қауіп басыңызға төніп тұрғанын сезсеңіз, онда құқық қорғау органдарына жүгініңіз. Қиын өмірлік жағдайда өмір сүріп жатқан адам ретінде аудандық «Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі» бөлімшесіне жазбаша шағымдана аласыз, арнайы әлеуметтік қызметтер (ақпараттық, құқықтық, психологиялық және т.б) ала аласыз. Мемлекетіміздің ең басты құндылығы – адам және оның құқықтары. Қоғам үшін ең бастысы – тәуелсіздік, адам үшін бас бостандығы және уайым қайғысыз өмір. Оның кепілі — заңдылық. Тәуелсіздік төрімізден орын алған қоғамымыздағы ең басты құндылық – адам бостандығы. Адамның және адамзаттың құқықтары мен бас бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау – конституциялық заңдылықтың басты талабы.