Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аясында бұқаралық спортты дамыту мақсатында Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен «Шымкент жастар лигасы» жобасының үшінші кезеңі басталды.
Бұл жолы сайыс 135 жалпы орта білім беретін мектебінің спорт залында өтті. Қыздар арасындағы волейбол спорт түрінен 108, 68, 114, 80 мектеп оқушылары өзара бақ сынасты. Тартысты өткен жарыста 108 мектептің қыздары жеңімпаз атанып, келесі ойынға жолдама алды.
— Волейбол жарысына осымен 12 мәрте қатысып отырмыз. Барлық ойында үздік нәтижеге жетіп отырғанымыз жаттықтырушымыздың еңбегінде. Бүгінде қарсылас команданы жеңеміз деп, мықты дайындықпен келдік,-деді жеңімпаз команданың мүшесі Сарвиноз Мирпайизиева.
Жобаның мақсаты — мектеп оқушыларының сабақтан тыс уақытын тиімді пайдалану, спортпен шұғылдануға жол ашу, олардың ерік-жігері мен табандылығын қалыптастыруға және Қазақстан Республикасының чемпионаттарына команда жасақтау.Ауқымды жобаға 2021-2022 жылғы оқу жылында 151 мектептен футбол, волейбол, баскетбол, шахмат ойындарынан 514 команда, жалпы алты мыңға жуық мектеп оқушылары қатысқан болатын. Ал үшінші рет өткелі отырған «Шымкент жастар лигасы» жобасы жалпы орта білім беру мекемелерінің оқушылары арасында 2022-2023 оқу жылы аясында өтеді. Сайысқа футбол, баскетбол, волейбол, шахматтан 138 мектептен 514 команда, 5926 оқушы қатысады. Лига командаларды қолдау бойынша қатысушы әрбір мектептен фанклубтар жасақталды.
Осыған дейін Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясы командасы және Жүсіпбек Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназиясы командасы волейболдан жарысқа түсті. Алғашқы екі команданың ойыны тартысты өтті. Нәтижесінде №50 мектеп-гимназиясы 2-0 есебімен жеңіске жеткен еді.