Шымкенттегі жекеменшік мектептердің білім беру сапасы шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің жіті бақылуында. Бүгінде ол Тассайда ашылған “Зияткер Тұран” мектебіне барды. Білім ошағы 816 орынға лайықталып, 3 қабатты типтік үлгіде салынған. Қазір мұнда 340 оқушы 1 ауысымда оқуда. Мұнда 260 балаға арналған асхана, акт залы, шеберхана, компьютер сыныбы, спорт зал, жалпы оқу кабинеттері қарастырылған. иАралау барысында Мұрат Дүйсенбекұлы: “Кәсіпкерлердің білім саласындағы инвестициялары бұл салада бәсекелестіктің дамуына септігін тигізеді. Ал, бәсеке сапаны арттырары анық. Сапалы біліммен ғана саналы шәкірт тәрбиелей аламыз”,-деді.
Бүгінгі таңда жан басына қаржыландыру жүйесімен Шымкентте 31 225 оқушы 87 жекеменшік мектепте дәріс алуда. Ал мемлекеттік 151 білім ұясында оқитындар саны биыл 21 6735-ке жетті. Сонымен қатар, мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 32 мектеп салу жоспарланып отыр. Соңғы екі жылда жеке инвесторлар жан басына қаржыландыру есебінен 50 мектеп 21 300 орынмен толықты. Алдағы уақытта тағы да 25 мектеп салуға ұсыныстарын білдіруде. Нәтижесінде, үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін 2023 жылы, ал, сынып толымдылығы жоғары мектептер мәселесі 2025 жылы толығымен шешілетін болады.
Бұдан өзге, 2022 жылдың «Балалар жылы» деп жариялауына байланысты, бюджеттен 44,6 млрд.теңге қаржы бағытталып, бастауыш сынып оқушылары 100% тегін ыстық тамақпен қамтылды. Сонымен қатар, білім ұйымдары оқушылардың қауіпсіздігі үшін бейнебақылау жүйесі, дабыл батырмасы мен турникеттер және І-дәрежелі мамандандырылған күзетпен толығымен қамтылды. Ал, материалдық-техникалық базаны жаңарту үлесі 32% — дан 72 пайызға дейін артты. Ал оқушыларды қосымша біліммен қамту спорт және мәдениет салалары алғаш рет жан басына қаржыландыру жүйесі арқылы балаларды қосымша біліммен қамту жобасы арқасында үлес бір жылда 49%-дан 76%-ға дейін өсті. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 85%, 2025 жылға дейін 100%-ға орындау жоспарланды.