Биыл Шымкент қаласында 4 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Солардың бірі – Бозарық-3 шағынауданында бой көтеріп келе жатқан Шымкент қаласының ауыр атлетикадан олимпиадалық резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған спорт мектебінің қосымша ғимараты. Жобаға сәйкес бұл нысанда бір ауысымда 10 мен 23 жас аралығындағы 100 оқушы жаттыға алады. Бірінші қабатта — ауыр атлетика залы, киім ауыстыру бөлмелері, жуынатын бөлмелер, жаттықтырушылар бөлмесі, 16 орынға арналған асхана, медпункт, жұмысшылар мен қызметшілер бөлмелері болады. Ал, екінші қабатта — әмбебап спортзал, жұмысшылар мен қызметшілер бөлмелері, жуыну және киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған. Спорт мектебіндегі құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады.
Айта кетейік, Шымкент қаласында спорт саласында «Металлург» стадионы жаңартылып, Сайрам тұрғын алабындағы №12 спорт мектебінің қосымша корпусы мен Шымкент жоғары медицина колледжінің спорт залының құрылысы жүруде.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында бұқаралық спортты дамытуға тапсырма берген болатын. Ал, бұқаралық спорттың жағдайы мен дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымның болуына байланысты екені белгілі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына байланысты, мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Шымкент қаласының төрт ауданында орналасқан спорт алаңшаларында әр аптаның жексенбі күндері «Аула чемпионаттары» ұйымдастырылуда. Аталған спорттық іс-шараға 5-17 жас аралығындағы балалар спорттың 6 түрінен сынға түсуде. Атап айтар болсақ, балалар асық ату, ләңгі тебу, баскетбол, футбол, қыздар арасында скакалкамен секіру, гимнастикалық шеңбер айналдырудан жарысады. «Аула чемпионатында» жеңімпаз болған балаларға диплом, медаль және кубоктар табысталады. Бүгінгі күнге дейін Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарында 24 спорт алаңшада «Аула чемпионаттары» өткізілді. Осы өткізілген спорттық іс-шараларға 1500 ден астам балалар қатысып, 120 ға жуық спорт саласының мамандары жұмылдырылды.
«Аула чемпионатын» жыл соңына дейін 124 спорт алаңшаларда өткізу жоспарлануда. Айта кетейік, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді бағдарлама аясында 2021 жылы 23 қазанда қаламызда «Жастар лигасы» байқауы басталды. Оған спорттың футбол, баскетбол, волейбол және шахмат түрлерінен 140 мектеп қатысты. Одан 514 команда жасақталып, жалпы додаға 5926 оқушы ат салысқан. Ал, қаламызда екінші рет өткен «Жастар лигасына» қаладағы 151 орта мектептен 6 мыңға жуық оқушы қатысты. Осы спорттық жарыстарға төрелік етуге және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге 400-ге жуық дене шынықтыру және спорт саласының мамандары жұмылдырылды.Биылда дәстүрлі жоба үшінші мегаполисте жалғасын табуда.