Шымкент қаласының жедел жәрдем дәрігерлері Қазақстан бойынша ең үздік атанды. Үшінші мегаполистегі жедел жәрдем станциясының командасы жедел медициналық жәрдем қызметінің республикалық сайысында біліктіліктерін дәлелдеп, жеңімпаз болып отыр. Спартакиаданы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы Қазақстан Республикасының Жедел медициналық көмек қауымдастығымен бірлесіп өткізген.
– Командалар уақыт пен кеңістік шектелген жағдайларда жұмыс істеп, олардың пациенттің өмірін құтқару үшін оңтайлы шешімдер қабылдау қабілеті, медициналық көмекті ұйымдастыру мен көрсетуде тактикалық шешімдер қабылдаудағы сенімділігі, келісімділігі және жеделдігі бағаланды. Бригадалардың жұмысына құрамында медицина саласындағы танымал мамандар бар құзыретті қазылар алқасы баға берді, – дейді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы оқу-жаттығу орталығының жетекшісі Ғұмырбек Ағыбаев.
Жедел жәрдем қызметкерлері жол-көлік оқиғасында зардап шеккендерге көмек көрсетіп, аналарды босандырып алды. Бұған қоса суға батқан кезде зардап шегушіні құтқару, балалар реанимациясын жүргізу және жіті коронарлық синдромы бар адамдарды қиын жағдайдан шығару секілді сынақтар болды. Бүкіл кезеңдер медицина саласындағы құзіретті мамандардың бақылауында болды.
Сонымен, спартакиаданың қорытындысында 159,5 балл жинаған Шымкент қаласының командасы үздік бригада болып танылды. Екінші орынды Астана қаласының командасы (159 балл) иеленсе, жүлделі үшінші орын 143 балл жинаған Абай облысының қомандасына бұйырды. Көрермен көзайымы жүлдесі Солтүстік Қазақстан облысының қомандасына берілді.
– Бұған дейінгі спартакиада ковид пандемиясына дейін Астана қаласында өткен болатын. Ал биылғы сайысты Шымкент қаласы тарапынан абыроймен ұйымдастырып, өткіздік. Ауа райы қолайлы болған соң қаланың шетінде, табиғат аясында өтті. Сайыстың бір ережесі – бұған дейін жеңімпаз атанған мамандар қатыса алмайды, – дейді Шымкент қалалық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Гүлнар Құрманбекова.
Шымкент қаласының командасы да жаңадан жасақталған. Ол үшін арнайы дайындық орталығы да бар, өзара сайыс да өткізілген.
– Биыл маусым айында қала күні әрі медицина қызметкерлерінің күніне орай жергілікті жедел жәрдем станцияларының бригадалары арасында қалалық жарыс ұйымдастырдық. Соның жеңімпаздарының арасынан іріктеп, Шымкент қаласының командасы жасақталды. Құрамында бір дәрігер мен екі фельдшер бар. Барлығы жас мамандар, білікті. Осы республикалық спартакиадаға екі ай дайындалдық. Спартакиадаға әр өңір ең мықтыларын алып келді. Дегенмен, біз жеңіске жеттік. Бұл Шымкент қаласындағы жедел жәрдем қызметінің сапасын да көрсететін жетістік екенін мақтанышпен айта аламыз, – дейді Гүлнар Мамытқызы.
Мамандардың айтуынша, шымкенттіктердің жеңімпаздыққа лайық екенін қарсыластары да мойындаған. Оған қоса шетелдік сарапшылар да жергілікті жедел жәрдем қызметін жоғары бағалап отыр. Спартакиада аясында қонақтар қаладағы симуляциалық орталықтың және жедел жәрдем көрсету стансасы сall-орталығының жұмысымен танысқан болатын.
Халықаралық стандарттарға сай жаңартылған 103 орталығы – еліміздегі үздік мекемелердің бірі. 103 қызметіне түсетін қоңыраулардың барлығын диспетчерлер орталықта қабылдап, бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы бақылай алады.
Айта кетейік, спартакиада шеңберінде конференция өтіп, онда жедел жәрдем көлігінде пациенттерді тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи тәсілдері, жүрек-өкпе реанимациясындағы заманауи тәсілдер, шұғыл медициналық көмек көрсету кезінде өңірлік және ұлттық деңгейде деректерді беру, ЭКГ дифференциалды диагностикасы мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, кезек күттірмейтін көмек көрсетуге арналған халықаралық стандарттар бойынша оқытуға назар аударылды. Осылайша бұл іс-шара тек сайыс емес, жедел медициналық жәрдем қызметкерлері арасында өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беретін, шұғыл медициналық көмек көрсету саласындағы табысты үлгілермен тәжірибе алмасу орны болды.