Шымкентте көп балалы және аз қамтылған отбасыларға арналған «Бақытты жанұя» әлеуметтік орталығы бар. Бір ғана орталықтың көмегімен қаншама мұқтаж жан өмірге бағыт-бағдар алған. 2021 жылдың қазанынан бастап жұмыс істеп келе жатқан орталық көп балалы, аз қамтылған, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға қызмет көрсетіп келеді.
– Біздің орталық әл-ауқаты төмен отбасылардың атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыруы, Еgov.kz порталынан мемлекеттік қызметтерді алу, ЭҚҚ ашу, «Отбасы» банкіне арналған құжаттарды жинауда және аналарымызға заңды және психологиялық тұрғыдан туындаған сұрақтар бойынша көмек көрсетеді. Көмек түрі мұнымен ғана шектелмейді. Орталық отбасыларда орын алып жатқан өзекті мәселелердің алдын алу үшін психолог, медиатор, заңгер және әлеуметтік мамандардың қызметі тегін ұсынады. Кәсіп бастағысы келеген жандарға тегін тігіншілік, кондитерлік, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, шаштараз, SMM курстары, балаларға арналған массаж, маникюр-педикюр, дефектолог-логопед тіл кемістігі бар балалардың аналарына тыныс алу және артикуляциялық жаттығу курстары ашылған. Егер аналар заңгер кеңесіне мұқтаж болса, бизнесті қалай және неден бастау қажеттігін білмесе және отбасы тақырыптарында өзге де сауалдар мазаласа, біздің орталыққа жүгінуіне болады, – дейді «Бақытты жанұя» орталығының басшысы Абибулла Қалымбетов.
Орталық жетекшісі тілге тиек еткендей, атаулы әлеуметтік көмекке тәуелді болмай, көпбалалы аналардың кәсіптік тұрғыдан дамуына арналған тегін курстар мен бизнес бастау үшін грант ұтып алу мүмкіндігі талай жанға үміт сыйлаған. Орталықта тегін білім алып, алғашқы қолдаудың нәтижесінде өз кәсібін өрге дөңгелеткендердің қатары аз емес.
Нәзік жанды қыз-келіншектердің тұрмыстық жайттардың тасасында қалмас үшін оларды рухани қолдау маңызды. Бүгінде Қазақстан әлем елдерінің арасында ажырасу көрсеткіші жағынан алдыңғы орындардың бірінде тұрғаны көңілге кірбің ұялатады. Осыны ескерген орталық мамандары өміріне шағым айтып келген жандардың көңілін аулап, санасын серпілтуге мән береді. Кәсіби психологтар, тіпті тіршіліктен баз кешкен аналарға моральдық демеу беріп, орталық арқылы жан-жақты қолдау көрсеткен. Олардың ішінде орталық көмегімен жеке бизнесін бастап, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізгендер де бар, – дейді мамандар.