Шымкентте 15 тамыздан бастап өрт қауіпсіздігі айлығы жарияланған болатын. Айлық аясында Еңбекші ауданы тұрғындары арасында өрт-профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүріп жатыр.
Іс-шараға аудан әкімі, депутаттар, газ техникалық қызметі, төтенше жағдай басқармасының мамандары қатысып, елді мекендегі аса проблемалық аумақтардың тұрғындарына өрттің алдын алу және жабдықтарды қолданудағы ережелерді қатаң сақтауды ескертті.
–Аудан тұрғындарын алдын ала өрт қауіпсіздігінен сақтандырып, пештердің жағдайын тексеріп, кеңес беру – біздің міндетіміз. Түсіндіру шаралары ең алдымен көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында жүргізіледі,- деді аудан әкімі Досбол Күздікбайұлы.
Десе де, жекеменшік үйде тұратын азаматтар өздері өрт қауіпсіздігінің алдын алып, қадағалап отыруы міндетті, дейді мамандар. Шара кезінде тұрғын үйлерге газоанализатор құрылғысы орнатылды.
–Тұрмыста ас үйде газ балонды қолданатындар көп. Оны пайдаланудың ережесін орындамағаннан адамдар улануы мүмкін. Улы газ иіссіз, түссіз болып келеді. Сондықтан оны иісін көпшілік сезбейді. Газ шыққан жағдайда осы автоматты түрде газоанализатор сигнал береді. Бұл төтенше жағдайдың алдын алудың бірден-бір жолы,- деді Еңбекші ауданының төтенше жағдай басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Ақмырза Бабаш.
Төтенше жағдайлар басқармасы мамандары өрт тактикалық оқу-жаттығу жылына екі рет ұйымдастырылатынын айтып өтті.
–Бүгін Көксай-2, Көксай-3 көшелеріндегі жеке тұрғын үйлердің жалпы тығыз орналасуына байланысты өрт тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Жақын әрі қатар орналасқан үйлерде өрт тұтанған жағдайда тез ұлғайып кетуі мүмкін. Сондықтан, өрт бола қалған жағдайда қандай әрекетке көшу керектігі жайында тұрғындарға кеңес те берілді,- деді Еңбекші ауданының төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Қайрат Сәрсенбаев.
Шымкент газ инспекциясы тұрғындардың қауіпсіздігін бірінші орынға қояды.
– Біздің жұмысымыз – қауіпсіздікті қадағалау. Ең бірінші тұрғындар жауапты мекемелермен келісімшартқа отыру керек. Келісімшарт бойынша қызметкерлер айына екі рет тексереді. Егер де, бір ақау болатын болса, газ техникалық инспекциясын шақырады,– деді газ техникалық инспекциясының бас маманы Нұрлан Көшкенбаев.
Айта кетейік, айлық аясында өрт қауіпсіздігінің алдын алу туралы тұрғындарға парақшалар таратылды.