Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Алматы филиалының көркемөнерпаздар ұжымы Шымкент, Сарыағаш, Арыс гарнизондарында болып, «Менің Отаным – менің Қазақстаным» деп аталатын концерт берді.
Концерттік бағдарламаны әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері, мерзімді қызметтегі сарбаздар, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының тәрбиеленушілері мен мектеп оқушылары тамашалады.
– Бар өмірін әскери іске арнап, елін, жерін қорғауда өз қызметін мінсіз атқарып жүрген жауынгерлеріміз бізге барлық махабаты мен жүрек жылуын сыйлады. Шығармашылық жолда жүрген адамға бұдан артық қандай баға керек? Ел басына күн туса, етігімен су кешкен азаматтардың көңілін көтеріп, намысын шыңдаумен қатар, рухын асқақтату біздің басты міндетіміз, – деді көркемөнерпаздар ұжымының басшысы капитан Ерлан Шуленбаев.
Көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған әртістерге риза болған көрермендер қошеметтерін аямады.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі