Мемлекет білім саласын қаржыландыруға үлкен басымдық беріп отыр. Мәселен, 2018 жылы Шымкент қаласының бүкіл бюджеті 146 миллиард теңге болса, биыл бір ғана білім саласына бөлінген қаржы 176 миллиард теңгеге жеткен.
Бүгін Шымкент қаласында өткен «Құндылыққа бағдар: сапалы білім, өзін өзі бағалау, жаңа мүмкіндіктер» тақырыбындағы педагогтардың тамыз кеңесінде сөз сөйлеген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді.
Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін елімізде 1 мың мектеп салу туралы тапсырма бергені белгілі. Соның ішінде 101 мектепті Шымкент қаласынан салу жоспарланған. М.Әйтеновтің айтуынша, 2 жылдың ішінде қала аумағында 50 мектеп салынған. Расында, бұл – өте үлкен жұмыс. Қалған 51 мектепті 2025 жылға дейін ашу жоспарланып отыр.
–Осыдан 4 жыл бұрын Шымкентте 15 мектеп үш ауысыммен жұмыс істейтін еді. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде биылғы жаңа оқу жылына үш ауысымды 5 мектеппен келіп отырмыз. 2023 бұл проблеманы толығымен шешіледі. Ендігі жерде 2 ауысымды мектептерді біртіндеп 1 ауысымға көшіруге кірісеміз. Қазірдің өзінде Шымкент қаласындағы 223 орта мектептің 41-і бір ауысыммен жұмыс істеп жатыр, – деді қала әкімі.
Расында қаржыландырудың артуының нәтижесінде көптеген мәселелер шешіле бастады. Атап айтқанда, Шымкент қаласында биылдан бастап алғаш рет бастауыш сынып оқушыларына бір мезгіл ыстық тамақ беріле бастады. Нақтырақ айтқанда 103 мың бала тегін тамақтандырылып келеді.
Оған қоса Шымкенттегі мектептердің барлығына бейнебақылау камералары, турникеттер және дабыл нүктелері орнатылып, ол полицияның бақылауына алынған. Оқушылардың қауіпсіздігін нығайта түсу үшін мектептер мамандандырылған кәсіби күзет мекемелерімен келісімшарт жасаған.
–Президент мұғалімдерді қолдау және балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау бағытындағы міндеттерді айқындап бергені белгілі. Соған сәйкес 2019 жылдан бері қарай ұстаздардың жалақысы 75 пайызға өсті. 2023 жылдан бастап тағы 25 пайызға өседі деп жоспарланған. 2018 жылы Шымкент қаласының бүкіл бюджеті 146 миллиард теңге болса, биыл бір ғана білім саласына бөлінген қаржы 176 миллиард теңгеге жетті. Соның арқасында білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық қамтамасыз ету көрсеткіші соңғы 3 жылдың ішінде 32 пайыздан 72 пайызға дейін өсіп отыр. Әсіресе, мектептерді интерактивті тақта және модификация кабинеттерімен жабдықтауға басымдық беріліп келеді, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Тамыз кеңесінде Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева сөз сөйлеп, білім саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы мақсат-міндеттерді баяндап берді. Сонымен қатар педагогтар саладағы өзекті мәселелерді қозғап, өз ойларын ортаға салды және озық тәжірибелерімен бөлісті.
Айта кетейік, мәжілісте қала әкімі М.Әйтенов білім беру саласында табысты еңбек етіп, жетістікке жеткен бірқатар ұстаздарды марапаттады.