Елордада мектеп оқушылары арасында робототехника бойынша республикалық чемпионат өтті.
2014 жылдан бері «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ – ұйымдастырып жатқан чемпионатта Шымкен қалалық №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп- интернаты («Robomakers» командасы) І орынды иеленді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, World Robot Olympiad-2022 чемпионаты «Менің роботым – менің досым» деген атаумен ұйымдастырылды. Төрт санат бойынша өткен олимпиадаға қатысушылар жас ерекшеліктері бойынша үш топқа бөлініп өнер көрсетті.Додаға өңірлік жарыстардың нәтижелері бойынша аймақтан 109 команда жолдама жеңіп алыпты. Олардың дені 10-19 жас аралығындағы 6-11 сынып оқушылары. Жартысынан астамы – Назарбаев Зияткерлік мектептерінің білім алушылары.
Биылғы чемпионаттың ауқымы өте кең. Оған еліміздің барлық өңірлерінен дарындар қатысып отыр. Әсіресе ауыл мектептерінен оқушылардың қатысуы көңіл көншітеді,-дейді үйымдастырушылар.
Олардың сөзінше, соңғы рет аталған чемпионат 2018 жылы офлайн форматта өткен еді. Көңіл қуантарлығы, сол жылы олимпиадаға қатысқан кей дарындар бүгін чемпионатқа жаттықтырушы ретінде қатысып, оқушыларын үкілеп қосып отыр.
Жарыс қатысушылары чемпионат ережесіне сай күнделікті өмірде адамға қамқорлық танытып, құтқара алатын немесе қызмет көрсететін роботтарды құрастырып шығарулары керек.
Екі күн өткен республикалық олимпиаданың қорытындысына сәйкес, Шымкенттік команда
Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы НЗМ мен Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы НЗМ командаларынан оза шауып, І орын иеленіп бәйгені қанжығаларына байлап қайтты. Енді, жеңімпаз команда 2022 жылдың 17-19 қараша аралығында Дортмунд қаласында (Германия) өтетін World Robot Olympiad-2022 дүниежүзілік роботтар олимпиадасына «Robosport» бағыты бойынша ел намысын қорғап, халықаралық кезеңінде бағын сынайтын болады.