Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстар бойынша берген баспасөз брифингте мәлімдеді.
– Қаладағы 81 елді мекеннің 31-і табиғи газбен қамтылған. Ал 8 елді мекен жартылай қамтылған. Бұл көрсеткішті арттыру мақсатында 2022 жылы 15 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Осы жылдың қорытындысымен Батыс, Арғымақ, Ақтас, Ақтас-2, Ақжар, Көкбұлақ, Нұртас, Тұран 2 кезек, Сәуле елді мекендері және Ақтас магистралды жүйелердің құрылысы аяқталатын болады. Нәтижесінде 34 мыңнан астам адам табиғи газ жүйелеріне қосылуға мүмкіндік алады. Биыл Шымкент қаласы тұрғындарының табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 93%-дан 94,7%-ға жететін болады, — деді Б.Булатбеков.
Спикердің айтуынша, бүгінде қаладағы 81 елді-мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ал қалған 3 елді мекен ауыз суды кестемен тұтынуда. Көрсеткішті арттыру мақсатында биыл барлығы 7 нысанда құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Олар: Құрсай 1,2 – кезек, Асар-2 екінші кезек, Текесу е/м, Қайнарбұлақ е/м, Еңбекші ауданының жаңақұрылыс аумақтары және Нұртас су жинақтағыш имараты. 2022 жылдың қорытындысымен Құрсай, Асар-2, Текесу елді мекендері мен Нұртас су жинақтағыш имаратының құрылыс жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде қала тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 98% –дан 99%-ға өседі.
Сонымен қатар Шымкент қаласының 54 пайызы кәріз жүйесімен қамтылса, биыл бұл көрсеткішті 60 пайызға жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ 81 елді мекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылып отыр.
2022 жылдың соңына дейін электр қуатымен қамту көрсеткішін 98 пайызға жеткізу жоспарда бар.