Шымкентте 81 елдімекен бар болса, соның 31-і табиғи газбен жартылай қамтылған. Ал 8 елдімекенге газ тартылмаған. Бүгінде халықты толықтай көгілдір отынмен қамту үшін қаладағы 15 нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2025 жылы мегаполис тұрғындарының 100 пайыз көгілдір отынмен қамтылуы жоспарлануда.
Брифингте осылай деген қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков жыл соңына дейін бірнеше нысанның құрылысы аяқталатынын жеткізді.
“Батыс, Арғымақ, Ақтас, Ақтас-2, Ақжар, Көкбұлақ, Нұртас, Тұран 2 кезек, Сәуле елді мекендері және Ақтас магистралды жүйелердің құрылысы аяқталатын болады. Нәтижесінде 34 мыңнан астам адам табиғи газ жүйелеріне қосылуға мүмкіндік алады”,-деді ол.
Шымкент қаласы тұрғындарының 93% табиғи газбен қамтылған болса, биыл бұл көрсеткіш 94,7%-ға артады.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Шымкент қаласында 5 елдімекенге табиғи газ жеткізілді. Сондай-ақ, өткен жылы 3 магистралды газ құбырының құрылысы жүргізілді. Бұл жұмыстарға мемлекеттік бюджеттің есебінен 6 миллиард 100 миллион теңге қаржы жұмсалған. Осылайша 2021 жылы табиғи газбен қамту көрсеткіші 93,0 пайызға жеткен болатын. Қалған қамтылмаған елдімекендерге газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 1 магистралдық және 10 елді мекенде ішкі орамдық газ құбырының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңында Тұран магистралды газ құбырының құрылысы мен Батыс, Арғымақ, Ақтас, Нұртас, Ақтас-2, Ақжар, Сауле, Көкбұлақ, барлығы 8 елді мекенде құрылыс жұмыстар аяқталады. Нәтижесінде қаладағы 20 мыңға жуық адам табиғи газға қосылып, қамту көрсеткіші 94,7 пайызға жетеді.
Айта кетейік, 2023-2025 жылдары аралығында қаланың даму жоспарына сәйкес, жартылай қамтылған 17 елді мекенде және мүлдем қамтылмаған 3 елдімекенде табиғи газ жүйелерінің құрылысы салынып, қала тұрғындары, басқада нысандар 100% табиғи газбен қамтылады.