Өткен оқу жылында Тұран шағын ауданында №79 жалпы орта мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Балалар 1200 орындық білім ордасында екі ауысыммен оқиды. Бұл мектеп типтік негізде салынған, ашық спорт алаңшасы бар. Ал, бөбекжайлар мен балабақшалар мемлекеттік жан басына қаржыландыру негізінде жекеменешік нысандардың көмегімен жүзеге асырылып отыр.
Жаңа шағыниаудандағы қуанышты жаңалық жаңа білім ұясы ғана емес екен. Көп қабатты үйлердің ауласына бүлдіршіндерге арналған ойын және спорт алаңшалары салыныпты. Мәселен, 192 орамдағы 16 көп қабатты үйдің алдына 8 кешен орналасқан. Яғни, әр 2 көп қабатты үйдің балалары өз ауласынан алыстамай, ата-анасының көз алдында ойнайды. Сондай-ақ, игі іс биыл да жалғасын тауып жатыр. Қаратау аудандық қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің бас маманы Спандияр Ораловтың айтуынша, жыл соңына дейін тағы 4 ойын және спорт алаңшасы бар кешен ел игілігіне берілмек.
— Тұран күн санап түрленіп келе жатыр. Шағынауданға алғашқылардың бірі болып қоныстандық. Ол кезде жол, қоғамдық көлік сынды мәселелер шешілмеген еді. Қазіргі уақытта мұндай проблемалар шешілген. Әсіресе, балалар үшін ауламызда ойын алаңшаларының ашылып, тренажерлердің орнатылуы қуантып жатыр. Кішкентай бүлдіршіндеріміз көз алдымызда ойнап, жасөспірім ұлдарымыз бұқаралық спортпен айналысып, шынығып жүр. Осындай жайлы ортада өсіп келе жатқан бүлдіршіндеріміз бақытты. Келешекте шағынауданда саябақ, аллея сынды демалыс орындары ашылып, мұнан да көркейе түсер деген сенімдеміз, — дейді көп балалы ана.
Тұран шағын ауданында инфрақұрылым мәселесі толығымен шешілген. Тұрандықтарды сапалы электр энергиясымен қамту жұмысы 2020 жылдан басталды. Осы мақсатта 3 056, 805 млн теңге қаржы қаралып, 53,94 шақырымға кабель тарту көзделген.
-Мердігер «AБM-Билдинг» ЖШС-і шағынауданды жарықпен қамту мәселесін жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Кезең-кезеңімен атқарылып отырған жұмыстың нәтижесінде биыл 3058 абонент, яғни 20 мың тұрандық сапалы электр энергиясымен қамтылады. Сонымен қатар, тұрғындарды көгілдір отынмен қамту да басты назарда. Газ құбырын жүргізу жұмыстары жыл басында басталғанымен, құрылыс 2023 жылға өтпелі. Бекітілген жоспарға сәйкес, келер жылдың қыркүйек айында 2554 тұрғын үйге газ құбыры тартылып, табиғи газдың игілігін көретін болады, — дейді Қаратау ауданы әкімінің орынбасары А.Парманов.