Бүгін, халықаралық жастар күніне орай Жастар ресурстық орталығы «Жастар ел болашағы» атты жастар кешін өткізді. Іс-шараның мақсаты — қала жастарын мерекемен құттықтап, кешкі уақытын қызықты әрі тиімді өткізу.
Мерекелік кеште Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов қала жастарын айтулы мерекемен құттықтады.
— Тәуелсіз еліміздің гүлденіп, қарыштап дамуы үшін жастардың тың идеялары, алғыр шешімдері, оң бастамалары қажет. Жастар — қоғамның қозғаушы күші. Біз жастардың өмірден өз орнын табуына, түрлі дағдыларды игеруіне қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз, — деді басқарма басшысы
Іс-шарада қала тұрғындары мен жастары үстел теннисінен сайысқа түсіп, белсене қатысқан азаматтар сыйлықтарға ие болды. Жас бүлдіршіндерден бастап үлкен кісілерге дейін караокеде ән шырқап, мерекелік кешті қызықты өткізді.
Айта кетейік, Халықаралық жастар күні БҰҰ Бас Ассамблеясы, жастар ісі бойынша министрлердің 1998 жылы 8-12 тамызда Лиссабон қаласында өткен Бүкіләлемдік конференциясының ұсынысы бойынша бекітілген.
БҰҰ классификациясы бойынша жастардың жас ерекшеліктері – 15 жастан 24 жасқа дейінгі аралықты қамтиды. Әлем бойынша жасөспірімдер мен жастардың саны 1,8 миллиардты құрайды. 1950 жылы бар болғаны 720 миллион болса, 2050 жылға қарай бұл сан 2 миллиардтан асады деп күтілуде. БҰҰ жастарды бейбітшілік, экология, теңдік және барлығы үшін әл-ауқат үшін күрестің толыққанды серіктестері және белсенді қатысушылары ретінде қарастырады. Жер шарында жастардың көпшілігі кедей және дамушы елдерде тұрады. 10 жастан 24 жасқа дейінгі 10 адамның 9-ы табысы төмен елдерде өмір сүреді. Кейбір мемлекеттерде халық құрылымындағы жастардың үлесі 80% – ға жетеді. Бұл елдердегі жастарда қиындық өте көп. Көбінесе олар білім мен медицинада қиындықтарға тап болады. 2022 жылы Халықаралық жастар күнінің тақырыбы – «Ұрпақтар ынтымақтастығы: барлық жастағы адамдар үшін бейбітшілік орнатайық». Бұл ұран қоғамның дамуы үшін барлық жастағы адамдардың күш-жігерін біріктіру қажет екенін еске салады.