Бүгінгі таңда Шымкент қаласының 54 пайызы кәріз жүйесімен қамтылған. Биыл бұл көрсеткішті 60 пайызға жеткізу, яғни қосымша 65 мыңға жуық тұрғынды қамту жоспарланған. Бұл мақсатта 20 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Жыл соңына дейін ;
Самал-3, Мирас-Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік шығыс, Хлопзавод-Шолохов, Жұлдыз елдімекендері кәріз жүйесіне қосылады.
Ал, Асар-2, Тассай, Тұран ішкі жүйелер, Достық, Қайтпас-2, Солтүстік-Батыс шағын аудандарындағы құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталады.
Сонымен бірге, Достық КНС (қайта құру), Арғынбеков коллектор, Тұран ішкі магистрал, Бозарық 74 га аумақтағы құрылыс жұмысы аяқталады.
Ал, Нұртас, Тараз ш.а., Айша бибі көшесі, 112 орам құрылысы осы жылы басталмақ.
Шымкент қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше , өткен жылы қалада «Тұран» сорғы станциясы және Самал-1 мен Наурыз шағын аудандарының ішкі жүйелерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Нәтижесінде кәрізбен қамту көрсеткіші 52,3%-дан 54%-ға өскен. Биыл қаладағы 9 нысанда құрылыс жұмысы басталады. Қазіргі таңда Арғынбеков көшесімен Тұран ішкі магистралды коллектордың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Достық су сорғы станциясы қайта құрудан өтеді деп жоспарлануда. Нәтижесінде, Самал-3, Ұлағат, Мирас, Солтүстік-шығыс, Шапағат-2 шағын аудандары мен Хлопзавод көшесіндегі 48 мыңнан астам адам кәріз жүйесіне қосылады. Жыл соңына дейін қамтылу көрсеткіші 60%-ға өседі. Қаланың 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу көзделіп отыр, дейді мамандар. Қаланың оңтүстік пен солтүстік бөлігін кәрізбен қамтудың 2022-2025 жылдарына арналған жоспарына сәйкес кәріз тазалау станциясы мен сорғы станциясының коллекторлары және елді мекендерде ішкі жүйелер құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.