Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің тамыз айындағы азаматтарды бірыңғай қабылдауы кезінде Самал-2 шағын ауданы Малқаров көшесінің ақсақалы аумақтың жол, қауіпсіздік, жарықтандыру мәселелерін көтерген болатын. Бүгін қала әкімі аталған көшеге арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Малқаров көшесінің ұзындығы 1,1 шақырым. Көшеге 2019 жылы асфальтбетон қабаты төселген.
Қоғамдық көлікке қатысты, ауданда 9 бағытта жолаушылар тасымалдануда — Арғынбеков көшесі бойынша №37, №133, №146, №149 бағыттағы қоғамдық көліктер. Өтегенов көшесімен №37, №51, №103, №126, №133, №146, №149 бағыттағы автобустар, ал Қазиев көшесімен №37, №92, №133, №141, №149 бағыттағы қоғамдық көліктер.
Жарықтандыру жұмыстарының мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында алдымен мектеп, аурухана секілді әлеуметтік мекемелер орналасқан орталық көшелер жарықтандырылатыны айтылды.
Жол қауіпсіздігіне қатысты шағымдарға байланысты бейнебақылау камерасын қою мүмкіндігі айтылып, көше тазалығы мәселесі талқыланды, тапсырмалар берілді.
Самал-2 шағын ауданы 100 пайыз ауыз су, көгілдір отын, электр жүйесімен қамтылған. Сапалы интернет желісімен қамту келер жылы аяқталады. Биыл Ризалық, келер жылы Тынышбай ата көшесі жарықтандырылмақ.
Айта кетейік, Шымкент қаласында халықпен кездесулер өткізудің 2022 жылға арналған күнтізбелері бекітіліп, тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізілуде. Бұл жаңа әдістің қажеттілігі мен тиімділігіне көз жеткізіп отырмыз. Себебі, мен 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткіздім. Жалпы кездесулерде қала тұрғындарынан 874 ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і орындалып, 316-ы жыл соңына дейін орындалады деп күтілуде. Ал, 184 мәселе ұзақ-мерзімді шешуді қажет ететіндіктен 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген.