2020 жылдан бастап еліміздегі барлық қалалық мектептер жан басына қаржыландыру жүйесіне көшті. Аталған жүйе Шымкент қаласында өз нәтижесін беруде. Былтыр 21, биыл 20 мектеп жеке инвесторлар есебінен салынуда.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов әрбір мектептің жаңа оқу жылына дайындығын тексеру мақсатында, білім беру ұйымдарын аралап көруде.
Соның бірі — Әл-Фараби ауданы Қонаев даңғылында «OSCAR» лингвистикалық элиталы 480 орындық жекеменшік бастауыш мектебі 3 қабатты, 30 оқу бөлмесінен тұрады. Асхана, спорт залы, мәжіліс залы, медициналық кабинет те қарастырылған.
Мектеп жаңа оқу жылына 95 пайыз дайын. Бүгінде мұнда жиһаздар қойылуда. Акт, спорт залға жұмсақ төсеніштер қойылып, асханаға қажетті заттарды да орналастыруда.
Сонымен қатар Мұрат Әйтенов «TALANT» жекеменшік мектебінің жаңа оқу жылына дайындығын көзбен көрді. Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы, Ә.Жангелдин көшесі, №13 ғимаратта орналасқан «№1 TALANT» жалпы білім беру мектебі 1200 орындық, 5 қабаттан тұрады. Жобаға сәйкес 60 оқу бөлмесі, 48 кабинет, асхана, спорт залы, мәжіліс залы, медициналық кабинет бар. Аталған мектеп оқу жылына балаларды қабылдауға толығымен дайын.
Айта кетейік, Шымкент қаласында 2021 жылы 11764 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде, өткен оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен шешіліп, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеген болатын. Ал, биыл 34 мектептің құрылыс жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 11703 орындық 24 мектептің құрылысы 2022 жылы басталса, 10 нысанның құрылысы 2021 жылдан өтпелі. Жаңа білім ордаларының есебінен үш ауысымды мектептер санын 9-дан 5-ке төмендету көзделіп отыр.
Шымкентте сондай-ақ «Балалар жылына» орай атқарылатын жұмыстар мен іс-шаралар кешені түзіліп, 84 бағыт бойынша жүргізілмек. Оған бюджеттен 44, 6 млрд теңге қаралған. 2021-2022 оқу жылында қаламыздағы 203 мектепте 242 525 оқушы білім алса, оның ішінде 11 сыныпта — 11 189 оқушы, 9 сыныпта – 19 251 оқушы. Сонымен қатар, Шымкент қаласының білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйелері мен дабыл батырмалары толығымен орнатылып, Шымкент қаласы Полиция Департаментінің Жедел басқару орталығына интеграцияланған.