Бүгін Шымкент қаласының әкіміне кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков 2022 жылдың І жарты жылдығының қорытындысымен атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда: өнеркәсіп 10,1%, өңдеу өнеркәсібі 11,1%, инвестиция 19,5%, ШОБ субъектілері 26,4 %, бөлшек сауда 14,9 пайызға өскен. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Биыл өнім көлемі 856,9 млрд. теңге болады деп жоспарланған. 2022-2026 жылдар арасында 228 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болса, соның 50-і биылғы жылдың үлесінде. Оның ішінде инвестиция көлемі 52,8 млрд теңгені құрайтын 16 өнеркәсіптік жоба бар.
Өңірлер арасында іс-әрекеттегі шағын және орта бизнес саны бойынша Шымкент алғашқы орында; ЖӨӨ ШОБ үлесі бойынша үшінші орында; ШОБ-те адам саны бойынша төртінші орында болса; ШОБ өндірілген өнім көлемі бойынша алтыншы орынға тұрақтаған. Шымкент қаласының өнеркәсібінде 731 кәсіпорын белсенді жұмыс жасауда, оның ішінде ірі – 26 кәсіпорын болса, 42-і орта кәсіпорын.
Сонымен қатар негізгі капиталға 75,2 млрд. теңгенің, ал өткен жылдың үш айында 38,7 млрд теңгенің инвестициясы тартылып, өсу қарқыны 194 пайызды құрады. Жалпы жыл соңына дейін барлық сала бойынша қалаға 538 млрд теңгенің инвестициясын тарту жоспары бар. Есепті тыңдаған қала әкімі — алдағы жылдары жоспарға қойылған жобаларды кеңінен зерделеуді, индустриалды аймақтардағы кәсіпкерлік нысандарына талдау жүргізуді, өндірістік парктердің тиімділігіне талдау жасауды, көшпелі сауда орындарын бақылауға алуды тапсырды. Есепті жиын соңында қала басшысы экономикалық индикаторлардың орындалуымен шектелуге болмайтынын және инвесторларға барынша жағдай жасау керектігін айтып, сала жетекшісіне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.