Жасын Қарсақбаев — Шымкент қаласының тұрғыны. Жасы отыз жетіде. Ол 2021 жылдың аяғында “Бастау бизнес” жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып сертификат алған.
Ағымдағы жылдың сәуір айында бірінші лек (поток) бойынша басталған қайтарымсыз мемлекеттік грантқа “Көпбалалы отбасы” санатымен құжат өткізіп, бизнес жобасын арнайы құрылған комиссияның алдында сәтті қорғап шыққан. Көп ұзамай тиісті грант қаражаты (400 АЕК) тағайындалып есеп-шотына аударылған соң көліктің шанағын жөндеуге арналған құрал-жабдықтарын сатып алған. Қазіргі таңда Жасын Қарсақбаев өзінің есігінің алдындағы бос тұрған гаражды кәдесіне жаратып, қызмет көрсетуді бастап кеткен.
— Мемлекеттік грант арман болып жүрген кәсібімді бастауға үлкен көмегін тигізді. Алған қаржыға көптен қолым жетпей жүрген бірнеше құрал-жабдықтарды сатып алдым. Осы кәсіппен төрт баламды бағып-қағып, аяқтарына тұрғызсам деймін. Бұл кәсіпті бастамас бұрын бюджеттік мекемеде жұмыс істегенмін. Көпбалалы отбасы болғандықтан өз кәсібімді бастайын деп шештім, — дейді ол.
Бүгінде жасын көпбалалы әке өз үйінің ауласында көліктің шанақтарын жөндеумен айналысуда. Әзірше туысқан інісі мен ұлы көмектесіп жатыр. Кәсіпкер келешекте қаланың орталығынан нысан алып, кәсібін дамытуды ниеттеніп отыр. Мақсатым халыққа адал әрі сапалы қызмет көрсету дейді ол. Көпбалалы әке боядың қымбат екендігіне қарамастан, жеткілікті табыс тауып отбасын асырап отырғандығын айтады. Өз замандастарына мемлекеттен қолдау алып, өз кәсібін ашуға кеңес береді.
Айта кету керек, осы жылдың 26-28 сәуір күндері қайтарымсыз гранттар алудың бірінші легінің комиссия отырысы өткізілді. Комиссия қаралымына қатысқан 336 азаматтың 226-ның бизнес-жоспарлары мақұлданып,110-ны кері қайтарылды. Оң нәтиже алған 36-сы жастар санатынан болса, ал 157-сі халықтың әлеуметтік осал тобына жататындар.