Мемлекеттік қолдауға қол жеткізгендердің бір шымкенттік Күлжайна Қалдарова. 33 жасар келіншек бүгінде төрт баланың анасы. Ол 2021 жылдың тамыз айында “Бастау бизнес” жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып сертификат алған.
2022 жылдың 1-14 сәуір аралығында қайтарымсыз грант алудың бірінші легіне (поток) өтінім беріп, 26-28 сәуір күндері өткен комиссияның отырысында бизнес жоспарын қорғаған. Комиссия көпбалалы ананың жобасын мақұлдап, нәтижесінде тиісті грант қаражаты тағайындалды. Көп ұзамай арнайы есеп-шотына түскен қаржыға кәсібіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып ісін бастап кеткен.
— Қазір кәсіп бастаймын немесе кәсібімді ұлғайтамын дегендерге мемлекет тарапынан түрлі жағдайлар жасалынып жатыр. Қайтарымсыз мемлекеттік грант соның бір дәлелі. Бұл шағын іс бастауға қаражаты жоқтарға немесе қаражаты жетпеген белгілі бір санаттағы азаматтарға үлкен көмек. Мысалы мен қолымнан келетін кәсібімді мемлекеттің осынау көмегі арқылы бастағаныма өте қуаныштымын.Бұл берекенің бастауы болса керек — дейді грант иегері Күлжайна Қалдарова.
Бүгінде көпбалалы ана нан өнімдерін пісіріп саудалайды. Тапқан табысы жанұясын асыруға жетеді дейді ол. Келешекте мемлекеттен төмен пайызбен несие алып, нан өнімдерін пісіретін үлкен цех ашпақ ниетте. Бүгінде жұмыс жасаймын деген адамға мемлекеттік түрлі бағдарламалар бар екендігін айтады. Тек құжат жинаудан қиналмай, сол мүмкіндіктерді пайдалану қажет дейді ол. Осылайша көпбалалы ана мемлекеттің қолдауымен өз кәсібін жүргізіп отыр.
Айта кету керек, мемлекеттік қайтарымсыз гранттың бірінші легіне 400-ден астам өтінім келіп түскен (онлайн). Нәтижесінде комиссияның қаралымына 336-сы жіберілген. Комиссия тарапынан 226-ның бизнес-жоспарлары мақұлданып,110-ны кері қайтарылған.