«Лицензиялаудан тек қана жекеменшік балабақшалар өтпейді. Бұл рәсімнен мемлекеттік балабақшалар да өтеді». Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингте Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұргүл Шамшиева осылай деді.
Баспасөз жиынында Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Н.Шамшиева және Шымкент қаласының білім басқармасының басшысы Ж.Тажиева балабақшаларды лицензиялау мен 2022-2023 жж. жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы айтып өтті.
– Министрліктің жоспары бойынша бұл 3 кезең бойынша өткізіледі. Бірінші кезеңде – жаңадан ашылған мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қамтылады. Мемлекеттік аттестаттау рәсімі өткен жылдың қыркүйек айында қайтадан іске қосылған болатын. Осы мемлекеттік аттестаттау рәсімінен бірінші ретте өте алмаған мектепке дейінгі балабақшалар екінші кезеңде қамтылады. Ал үшінші кезеңде арнайы қауіп-қатерлер жолдамасы арқылы өткізіледі. Қазіргі уақытта әрекет етіп жатқан барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қамтылады. Тағы да айтып өтсем, жекеменшік немесе мемлекеттік деген ұғым болмайды. Бұл барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қатысты рәсім. Тек, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары емес, орта білім беру ұйымдары, жоғары білім беру ұйымдары, техникалық және кәсіптік білім беру ошақтары арнайы лицензиялаудан өтеді, — деді департамент басшысы Нұргүл Ақылбекқызы.
– Кейбір ұйымдар балабақшаларды лицензиялау туралы ақпаратты дұрыс түсінбейді. Бұл лицензиялау еліміздегі балабақшалардың сапасын көтеріп, балаға қауіпсіз жайлы орта қалыптастыру. Лицензиялау мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың дамуына жағдай жасайды.
Сондай-ақ жекеменшік кәсіпкерлер құқығы тапталды деген жаңсақ ой қалыптасқан, бірақ бұл дұрыс емес. Егер балабақшалар видеокамерамен қамтамасыз етілсе, жарық жақсы түсетін болса, тамақ сапасы қадағаланатын болса, ата-аналар балаларын цифрландыру арқылы видеокамералардан көре алатын жағдай болса, өрт қауіпсіздік шаралары сақталатын болса, балабақшалар лицензияланып, жұмысын жалғастыра береді, — деді білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева.