Шымкентте «Жасыл ел» еңбек жасағының 500-ден астам мүшесі қаламыздың тазалығына атсалысып, шаһардың көркеюіне өз үлестерін қосуда. Бұл игі іс «Жасыл ел» бағдарламасының аясында іске асып жатыр. Биыл қалада 1313 студентті мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыспен қамту жоспарланған болатын.
Қазіргі таңда «Жасыл Ел» еңбек жасақтарының мүшелері мегаполис аумағындағы аудандарда тұратын ардагерлердің үйлерін тазалап, мемлекеттік маңызы бар сакралды нысандардың ауласындағы ағаштарды әктеу, гүлдерді суару жұмыстарына тартылды. Бір айда (маусым айының 24-нен 24 шілде аралығы) 500 студент-жас белсенділік көрсетіп, өз қаласына деген жанашырлығын танытты. Олар 45 гектар аумақты тазалап, шамамен 50-60 тоннаға жуық қалдықтарды шығарған.
«Жасыл ел» бағдарламасы бүгінге дейін сан мыңдаған жасты еңбекке баулып, қоршаған ортаның көркеюіне септігін тигізді. Мәселен өткен жылы аймақта 1200-ге жуық жас жасыл елдің қатарында жұмыс істесе, биыл да 18-29 жас аралығындағы жұмыссыз жастар жұмыспен қамтылып отыр. «Жасыл ел» жастар ұйымының мақсаты: Біріншіден, жастардың күшімен елімізді көгалдандыру, абаттандыру арқылы студент жастарды еңбекпен қамтамасыз ету. Сәйкесінше, жылына қаншама жастарды осы бағдарламаға тарта отырып, олардың арасындағы жұмыссыздықты төмендету. Екіншіден, жастар арасында экологиялық тәрбиені насихаттау болып табылады. Демек, жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген патриоттық сезімін ояту. Үшіншіден, Жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, жастардың табиғатқа қамқорлықпен қарап, өзінің жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру. «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру мемлекеттік жастар саясатының негізгі басым бағыттарының бірі. Жастар осындай жобалар арқылы өмірлік тəжірибе жинап қоймай, табыс тауып та үйренетіні белгілі. Бір жағынан бойларындағы жастық жалынын өлкені көгалдандыруға жұмсайды. «Жасыл елде» жұмыс жасайтындардың еңбекақысы да жүйеленгендігі белгілі болды.
Айта кетейік, «Жасыл ел» бағдарламасының жүзеге асып жатқанына биыл 27-ші жыл. Бағдарлама аясында жаз мезгілінде студент-жастарымыз еліміздің көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына тартылып, еңбекпен қамтылады. Сондай-ақ аталмыш бағдарлама осы жылдар ішінде көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды.