Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында министр қаладағы Жүрек орталығы, емхана мен перзентханадағы медициналық қызмет сапасын бақылап, медицина қызметкерлерімен сұхбаттасты. Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Жүрек орталығында болған А.Ғиният кардиохирургия бөлімшесін аралап, емдеу мекемесінің ота жасайтын мүмкіндіктерін көріп шықты. 158 төсекке есептелген қалалық жүрек орталығы алғашқы медициналық көмек нысандарының бірі. Орталық стационарлық түрде мамандандырылған, жоғары технологиялық кардиологиялық, кардиохирургиялық, аритмологиялық, эндоваскулярлық медициналық көмек көрсетіледі.Жыл басынан бері мұнда 3 мыңға жуық науқас емделіп, ашық жүрекке 306 операция жасалды.
Мұнан кейін Денсаулық сақтау министрі қалалық №4 емхананы аралады. Бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсететін ұйымда 39970 халық тіркелген.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қалалық перзентханы аралап, ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызмет барысын көріп шықты. Соның ішіндегі босану палатасы мен жансақтау бөлімшесін аралап шықты.
Айта кетейік, қалалық перзентханада жыл сайын 11 мыңнан астам нәресте дүниеге келеді. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнда жылына 12 мыңнан астам ананың босануына жағдай жасалып отыр.
Шымкент қаласы демографиялық өсу көрсеткіші бойынша республикада алда келеді. Ұлттық статистиканың мәліметінше, демографиялық өсім жағынан Шымкент мегаполистер арасында көш бастап тұр.
2021 жылдан бастап ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2026 жылға дейін ЭКО-ға жыл сайын 7000 квота бөлуді көздейтін «Аңсаған Сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылды. Оның 400-ден астам квотасы Шымкент қаласына бөлінген.
Мемлекеттік бағдарламаны пайдалана отырып, 41 әйел жүкті болса, 90 отбасы бала туу бақытына ие болды.
Кадр мәселесіне қатысты министр ең сұранысқа ие медициналық мамандықтар бойынша білім гранттарының саны жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, 2025 жылға қарай республикалық бюджеттен берілетін гранттар саны 2000-ға дейін және жергілікті бюджеттен 1500-ден астам грантқа дейін ұлғайтылмақ.