Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов Қаратау ауданы тұрғындарымен есепті кездесу өткізді. Кездесуге қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, құқық қорғау органдары мен басқармалардың басшылары, 300-ге жуық аудан тұрғыны қатысты.
«Ашық диалог» форматында өткен кездесу барысында қала әкімі тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап беріп, алдағы жоспарлармен таныстырды. Көтерілген проблемалық мәселелерді шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары бекітілетінін түсіндіріп өтті.
1 — ші жартыжылдықта Қаратау ауданы тұрғындарымен 63 кездесу өтіп, онда 328 мәселе көтерілген. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 139 мәселе шешілген, 189 орындалуда. Оның ішінде 71 мәселе алдағы екі жыл көлемінде шешімін табады. Шешімін тапқан әрбір мәселе «қоғамдық бақылау» кеңесімен расталып отырды.
266 мыңнан аса халқы бар ауданда шешілмеген түйткілді мәселелердің әлі де көп екеніне тоқталған М.Әйтенов, жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
Одан бөлек, ауданда 2 индустриалды аймақ салынуда. Қала әкімінің Қаратау ауданы тұрғындарымен өткен есепті кездесуінде аудан әкімі Р.Мүлкеманов негізгі көрсеткіштерді атап, жоспарлармен таныстырды.
Қаратау ауданында 12 ірі және орта кәсіпорындар жұмыс істейді. Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейту туралы тапсырмасына сәйкес, 2 индустриалды аймақ ашу жұмыстары басталды.
Оның бірі – «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы – 23 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба. 1500 жұмыс орнын құрумен 21 жоба іске аспақ.
Шымкент қаласында күзгі жауын-шашын кезінде ирригациялық арықтардың толып қалуының алдын алу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес ирригациялық арықтар орнатылу қажет жерлер зерделеніп, анықталған.
Биыл Қаратау ауданында жауын-шашын салдарынан болатын су көлдеудің алдын алу мақсатында ұзындығы 13,7 шақырымды құрайтын 22 мекенжайға ирригациялық арықтар орнату жоспарланған.
Қазіргі таңда 12 орынға мердігер мекеме анықталды. Келісімшарт құжаттамалары әзірленуде. Қалған мекен жайларға мердігер мекеме анықталуда.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі