Шымкент қаласында Қала күні мерекесіне орай Нұрсәт-2 шағынауданының балалары арасында «Аула чемпиондары» сайысы өтті. Жарысқа 100-ден астам жасөспірім қатысып, асық, баскетбол, турникке тартылу, пенальти және ләңгі тебу сынды ойын түрлерінен бақ сынады.
Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Қаратау ауданы әкімдігінің бастамасымен өткен жарыс бұқаралық спорт түрлерін дамыту мақсатында ұйымдастырылған. Спорттық іс-шараға каратэден Токио олимпиадасының қола медаль иегері Дархан Асадилов, Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов қатысып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
-ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жылды балалар жылы деп жариялады. Бүгінгі жарыс осы балаларды қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Спорт-денсаулық кепілі. Құрметті балалар әрқашанда спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын сақтануды ұмытпаңыздар. Бүгін жарыс сәтті өтсін. Жеңіс тілеймін! – деді Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Е. Дәрменов.
Балалар Олимпиада жүлдегерінің құттықтау сөзінен серпін алып, чемпионат орындарында белсенділік танытты.
Сайыс соңында Қаратау ауданының әкімі Р. Мүлкеманов бүлдіршідерді жеңісімен құттықтап, жеңімпаздарды арнайы диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сондай-ақ, «Барлық бала чемпион» қағидасына сай белсенділік танытқан барлық балаға кәсіпкерлердің демеушілігімен сыйлықтар мен балмұздақ үлестірілді. Чемпионаттан соң балалар көтеріңкі көңіл-күймен тарасты. Мұндай жарыстар балалардың спортқа деген ынтасып арттырып қана қоймай, қалада бұқаралық спорттың дамуына ықпал етеді дейді ұйымдастырушылар. Алдағы уақытта аула чемпионаттары Шымкент қаласының өзге де аудандарында жалғасын табатын болады.