Шымкент қаласындағы ескі қалашықта орналасқан «Шымқала» тарихи- мәдени кешеніндегі «Музейдегі түн» тарихи іс-шараны тамашалауға да қала тұрғындары көптеп жиналды.
Іс-шараның мақсаты — қала тұрғындары мен қонақтарына көне Шымкент тарихын насихаттау, жәдігерлер құндылығымен таныстыру, жастарды тарихты зерттеуге, жәдігерлерді құрметтеуге үйрету, патриоттық сезімін ояту.
-Музей әрбір халықтың өткені мен бүгінгі тарихи-мәдени байлығын жинақтаған үлкен рухани орталық. Қазіргі музейлер озық технологиялармен жасақталған. Музейге келушілерге жаңа құрылғылардың көмегімен көне жәдігерлер жөнінде жан-жақты мәліметтер алуға жағдай жасалып отыр. «Музейдегі түн» іс-шарасының басты мақсаты – сақталып тұрған жәдігерлерді бұқараға мейлінше көбірек насихаттау. Сол арқылы мәдениет пен тарихтың өркендеуіне үлес қосу. Барлық музей қызметкерлерін, әріптестерді және мұражай меймандарын Халықаралық мұражай күнімен құттықтаймын,– деді Шымкент қаласы мәдениет,тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының м.а Д.Жүнісов.
Мерекелік бағдарлама «Шымқала дастаны» театрландырылған хореографиялық қойылыммен басталды. Бұл дастан ұлы батылдық, елге деген махаббат пен намыс туралы.
Каскадерлер шоуында әскери жаттығулардан шеберлік сағаттары және түрлі ойын түрлері көрсетіліп, Шымкент қаласының өнерпаздарының қатысуымен ашық аспан астында этно-фольклорлық концерт ұсынылды.
«Қорқыттың көрі» театрландырылған қойылым да қала тұрғындарына керемет әсер сыйлады.
Ашық аспан астындағы «Шымқала» кешені туралы деректі фильмнің тұсауы кесіліп, хореографиялық қойылым, су және от шоулары ұйымдастырылды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда «Музейдегі түн» акциясын өткізу әлемнің 40-тан астам елінде дәстүрге айналған. Қазақстандағы бірқатар музейлер де бұл атаулы датаны үлкен дайындықпен қарсы алады.