Шымкент қаласын дамытудың 2021-2025 жылдарға бекітілген іс-шара жоспары аясында қала аумағында әр жыл сайын 200 шақырымнан аса жол орташа жөндеуден өтеді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қала орталығындағы магистралды көшелер мен шалғай мекендерді қоса алғанда биыл 187 нысан, 350 шақырымнан астам жол қалпына келтірілмек.
Биыл жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ауқымды 5 нысан пайдалануға беріледі.
Атап айтқанда:
Қонаев даңғылының жалғасын салу, 3 кезең бойынша құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталып, биыл шілде айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда 90 пайыз жұмыстар атқарылды.
А-2 автомобиль жолының 2 кезеңі бойынша сақина типті жолайрығының құрылысы жүргізіліп, жұмыстың 50 пайызы орындалды.
Самал-1,2,3 шағын ауданының магистралды және қалаішілік көшелеріне 12,2 шақырым жол салынып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бүгінде жұмыстың 95 пайызы іске асырылды.
Рысқұлов -Қонаев көшелерінің қиылысындағы жолайрығын салу жұмыстары жүргізіліп, жұмыстың 90 пайызы бітті.
Рысқұлов-Қонаев көшелерінің қиылысында жолаушылар өткелін салу жұмыстары бүгінде 90 пайызға аяқталды.
Бүгінгі күнге жобаларға барлығы 38 мердігер ұйым жұмылдырылды. Ал, 61 көшенің жол жұмыстарын жүргізетін мердігер мекеме анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Мердігер компнаиялар анықталған соң құрылым жұмыстары жоспарға сай жүргізілмек. Жол саласындағы бұл жұмыстар үшінші мегаполисте кептелісті азайтуға, жол-көлік қатынасын оңтайландыруға өз септігін тигізеді.