Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесіне орай бірқатар журналистерді марапаттады.
Мерекелік іс-шара алдымен телевизия ардагері, Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбекті 1минут үнсіздікпен еске алумен басталды.
Қала әкімі ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастырушы ғана емес, қоғамдық сананы қалыптастырушы сала екенін айтты.
— Ақпарат құралдары – бұл үлкен күш. Қаламның ұшын, сөздің күшін дұрыс пайдаланса, ұлтты ұйыстырып, жасампаздыққа жол бастай алады, ал бұрыс пайдаланса, қоғамды дүрліктіріп, қоғамдық-саяси ахуалды қиындатып жібере алады. Шымкентте жұмыс істейтін 170-тен аса ақпарат құралы билік пен қоғамның арасында ортасына алтын көпір бола бермек деген сенімдемін. Қала игілігі үшін бірлесе жасайтын жұмыстар жалғаса береді. Қаланың жетістігі – әрбіріміздің жетістігіміз, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
БАҚ үздіктері 13 номинация бойынша марапатталды. Мерекелік кездесу барысында қала басшысы БАҚ өкілдерімен еркін форматта пікір алмасып, олардың талап-тілектерін тыңдады. Басқосуда журналистердің қоғамдағы статусын айқындау, баспанамен қамту, жалақыларын арттыру,әлеуметтік қолдау көрсету бағытында бірқатар маңызды ұсыныстар айтылды. Ұсыныстарды тыңдаған қала әкімі БАҚ өкілдерінің қоғамдық пікірді қалыптастыруда еңбегі орасан зор екендігін айтып, аталған ұсыныстарды үкіметке жеткізуге әуде етті. Сөз соңында БАҚ өкілдерін Жаңа Қазақстанды құру бағытында бірлесе жұмыс жасауға шақырды.