Шымкентте «Қала күні» мерекесі мен медицина қызметкерлері күніне орай, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен медициналық жедел жәрдем станциясында орталықтандырылған симуляциялық орталық ашылды.
Қалалық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Гүлнәр Құрманбекова ашылған орталықтың жұмысымен таныстырып өтті.
Жаңа орталықта медицина мамандарымен қатар, апатты шақыртуларға алғашқы болып баратын төтенше жағдай қызметiнiң мамандары мен полицейлер де заманауи шұғыл көмек көрсетудің әдic-тәсiлдерiн меңгеріп, кәсіби біліктіліктерін шыңдай алады.
Симуляциялық орталық соңғы үлгідегі құрал- жабдықтармен қамтылған. Оқытуға арналған құрылғылар автоматты түрде жұмыс істейдi. Әрi практикалық тұрғыда жедел көмек көрсететiн маманның ic-әрекетiн бағалап, бағыт-бағдар бередi.
«Қаламызда көп төтенше жағдай болады. Мына төтенше жағдай қызметкерлері мен полиция қызметкерлері де осы жерден оқытудан өткізуге талап қоямыз» — деді қала әкімі М.Әйтенов.
Қазақстанда теңдесі жоқ орталықта 100-ден аса муляж бар. Дәрігерлердің айтуынша, заман талабына сай автоматтандырылған құрылғылардың қыр-сырын үйрету арқылы өлім-жітім санын едәуір азайтуға болады.
«Бұл муляждар не береді бізге, осы муляждармен күнделікті жұмыс жасап, қолдарын үйретіп шынымен науқас адамға барғанда қорықпай осыны іске асырады. Бұл муляждар автоматтандырылған болғаннан кейін олардың қаншалықты дұрыс жасап жатқанын анықтап, медицина қызметкеріне ақпар беріп отырады»- деді Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Г.Құрманбекова.
Орталықта оқыту-үйрету жұмыстарына жауаптылар 2022 жылғы 12 мамыр мен 5 маусым аралығында АҚШ-тың кардиологиялық қауымдастығында тәжірибе жинақтап келген.
Айта кетейiк, бүгінде халықаралық стандарттар бойынша шұғыл көмек көрсету әдістерiн жетiк меңгерген 3 нұсқаушы жергілікті мамандарға практикалық дәрістер өткізуге дайын.